Қазнетте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туралы видео тарап жатыр. 2024 жылы ұйым жаңа пандемия жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар, видеода келесі жылдан бастап ДДСҰ оған қатысушы елдердің үкіметтерінің орнына шешім қабылдау құқығына ие болатыны айтылады. Мұның бәрі өтірік, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Видеода қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен қатысушы елдер әзірлеп жатқан пандемия келісімі туралы айтылады. Бұл құжатта денсаулық сақтау саласындағы кез келген төтенше жағдайға арналған іс-қимыл нормалары мен алгоритмдері жазылмақ. Мысалы, келісімге вакциналарды, дәрі-дәрмектерді және медициналық материалдарды тең бөлу тетіктерін енгізу жоспарланып отыр екен.
Желіде осы келісімнің алдын ала нұсқасын көруге болады. Онда 2024 жылғы жаңа пандемия туралы немесе ДДСҰ қатысушы елдерден егемендіктен бас тартуды талап ететіні туралы ештеңе жазылмаған. Ұйымның сайтында келісімнің қорытынды нұсқасын қатысушы елдер өздері әзірлейтіні көрсетілген. Олардың әрқайсы құжатқа өз тармақтарын енгізуді немесе оны орынсыз деп санап, алып тастауды ұсына алады. Келісім қабылданғаннан кейін де қатысушы елдер оны ұстанбау құқығын сақтап қалады.
Келісімнің қорытынды нұсқасын 2024 жылғы мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында қабылдау жоспарланып отыр. Келісімнің соңғы нұсқасы қандай болатыны, ол қабылдана ма, жоқ па, сонда ғана белгілі болады.
Ал 2024 жылға «жоспарланған» жаңа пандемия және елдер егемендігінен айырылатыны туралы мәлімдемелерді ағылшын тілді фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!