Фото: Бауыржан Жуасбаев – архив

Павлодарлық нейрохирургтер әлемде сирек кездесетін ауруға шалдыққан әйелдің өміріне араша болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, азаматшаның жарты жыл бұрын басы ауыра бастаған. Медициналық тексерістен соң бас миының туа біткен ақауы анықталды. Бұл дерт әлем медицинасында «Арнольд-Киари аномалиясы» деп аталады. Сирек ауру нәресте кезде, яғни, баланың ана құрсағында дамыған кезде пайда болады.

№1 қалалық аурухананың нейрохирургі Рашид Дүйсенбаевтың хабарлауынша, науқастың басы жиі ауыра беріп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Осы дерт барысында адамның мишығы қысылып, жұлын арнасының жоғарғы бөлігіне түсіп кетуімен түсіндіріледі. Науқас операцияға дейін невропатологтің қарауында болып, емделген. Дегенмен, нәтиже бермепті. Біздің көмегімізге жүгінген соң кешенді тексерулер жүргізілді. Сәйкесінше, сирек аурудың бірінші типі анықталды. Бұрын осындай оталар АҚШ және Еуропа елдерінде ғана жасалатын. Бүгінгі таңда бұл инновациялық технология облыс орталықтарында да қолжетімді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақталды, – дейді нейрохирург.

Мамандардың мәліметінше, осы тектес сирек дерт бір жылда бірнеше азаматта анықталып отырады. Операция екі жарым сағаттай жасалады. 

Айта кетейік, күрделі хирургиялық әрекет МӘМС жүйесі шеңберінде тегін жасалады. Бағасы шамамен бір миллион теңге шамасында.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, өңірде осы жыл басынан бері сақтандыру шеңберінде 1500-ден астам жоғарытехнологиялы ота жасалған. Соңғы жылдары жүрек, қан айналымы жүйесінің бұзылуы бойынша да инновациялық операциялар кең ауқымда жасала бастаған. Күрделі операциялардың басым бөлігі еліміз бойынша облыста алғаш рет енгізілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!