Вакцина аурудың таралуын тоқтатып, ұжымдық иммунитетті қалыптастырады. Бірақ таңдауға келгенде бір тоқтам жасау қиын. Әзірге ел арасында ресейлік Спутник V, отандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax вакцинасы егілуде. Ал мамандар қай вакцинаны тиімді санайды? Бүгін осы тақырыпқа шолу жасап көрдік.  

Технология қауіпсіздігі 60 жыл бойы дәлелденген


          Алдымен отандық вакцинаның тиімді тұстарына тоқталсақ. QazVac – Білім және ғылым ми­нис­тр­лігінің Биологиялық қауіп­­сіздік проблемаларының ғы­лыми-зерттеу институты әзір­­леген коронавирусқа қарсы бел­­сенділігі жойылған вакцина. Оның тиімділігі 90%-дан жоғары деп дәлелденген. Вак­циналау 18 жастан асқан адам­дар­ға ұсынылады. Ал осы жасқа де­йін­гі балалар үшін тиімділігі мен қауіпсіздігі әлі зерттелмеген.
     QazVac не үшін қауіп­сіз? Вакцинаның әсеріне алаңдаған көпшіліктің бұл сұрағына Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья отандық басылымға берген сұхбатында келесідей жауап берді:

    – Вакцинаның қауіпсіздігі оның технологиясына тікелей байланыс­ты. Инактивтелген вакцина толық бү­тін вирустан тұрады. Бүтін вирус ақуыз­дардың толық жиынтығынан құралған. Ақуыздар спектрі неғұрлым толық болса, иммундық жауап соғұрлым жоғары болады. QazVac инактивтелген вакцинасы технологиясының қауіпсіздігі 60 жылдан бері дәлелденген. Инактивтелген вакцинаны соңғы 60 жылдан бері туған барлық адам дүниеге келгеннен кейінгі үшінші күні алды. Өйткені балаларға арналған вакциналардың дерлігі осы технология­мен әзірленген. QazVac инактивтелген вакцинасында да вирус қана жаңа, ал қалғанының бәрі – (технология, жасалуы, сынақтан өткізілуі) қанша жылдық тарихы бар, уақытпен сыналған ескі жол, ‒ дейді ол.

      Сондай-ақ отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі QazVac коронавирустың жаңа штам­­дарына қаншалықты қарсы тұ­ра­ алатынына тоқталды:

    – Африкалық, америкалық, британ­дық деп жүргендердің бәрі де жаңа штамм емес. Көбі (белгілі бір жағдай тұрғы­сынан) ыңғайлы болғандықтан солай айтатын шығар. Шын мәнінде бұл – сол штамм. Рас, бір-екі бөлігі өзгеріске ұшыраған вирус. Алайда ғылымда мұны жаңа штамға жатқызбайды. Сондықтан қазір әзірленіп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac та) коронавирустың өңін өзгерткен түрлеріне қарсы тұра алады, ‒ дейді К.Закарья.

       Айта кетейік, Биологиялық қауіп­­сіздік проблемаларының ғы­лыми-зерттеу институты – COVID-19-ға қарсы бірден 5 түрлі вакцинаны әзірлеп жат­қан әлемдегі жалғыз мекеме. Со­ның қатарында тірі вакцина да бар.

Бұл вакцинаны 12 ай сақтауға болады

Денсаулық сақтау ми­нистр­­лі­гінің Санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәлімдеуінше, Hayat-Vax-та (SARS-CoV-2, Vero Cell) белсенділігі жойылған вакцина. Ол бас­қа инактивтелген вакциналарға ұқсас +20С-ден +80С-ге дейінгі температурада сақталады және тасымалданады.

Sinopharm вак­цинасының негізінде әзірленген қытайлық вакцина Біріккен Араб Әмірліктерінің Рас-Аль-Хайма қаласындағы «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған. Вакцина Қытайдан басқа елде, БАӘ-де өндіруге мақұлданған. Қазір бұл вакцинаның 50 млн-нан аса дозасы әлемнің 34 мем­ле­кетіне қолдануға жі­беріл­ген. Вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Аргентина, Бах­рейн, Мысыр, Марокко, Пәкіс­тан, Перу және БАӘ елдерінде өткі­зілген. 

         Hayat-Vax вакцинасының әзір­­лену барысы QazVac-қа ұқсас. Өйткені бұл вакцина да бұрыннан дәлел­ден­ген, белсенділігі жойыл­ған вак­цина жасау технология­сы қолданылған. Осы техноло­гияның көмегімен вирус ағзада қорғаныс ан­ти­де­нелерін түзу қа­біле­тін сақтай отырып, жойы­лады. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек,  инактив­тел­ген вакциналардағы адъю­ванттардың зиянсыз екені дәлелденген. Адъюванттар инак­­­тив­ті вакцинаның құра­мын­дағы қосалқы заттар ре­тін­­де иммундық жүйені ын­­та­лан­ды­рады және ағзадағы им­му­нитеттің ұзақ сақталуына әсер етеді.

Вакци­на­ның әлемде 10 млн-нан аса дозасы қолданылған және қауіпті жағдайлар тіркелмеген. Қол­жетімді және аралық нәти­желерде вакци­наның COVID-19 инфекциясына қарсы тиімділігі 79,3% екені көрсетілген. Ал аурудың орташа және ауыр жағ­дайларының алдын алуда тиімділігі 100% көрсеткіші дәлел­денген.

Жоғарыда Hayat-Vax вакци­на­сы­ның қазақстандық QazVac-пен ұқсас екенін айттық. Медицина ғы­лымдарының докторы Ләззат Ералиева да осы пікірде. Ол отандық басылымға берген сұхбатында екі вакцинаның ұқсастығы мен айырмашылығына тоқталды:

‒ Жалпы, вакциналарды бір­дей деуге болады. Екеуі де – инактивтелген вакцина. Олар­дың құрамында SARS-CoV-2 вирусының өлтірілген штамы бар. Құрамы да, адъю­вант­тарының, белсенді зат­та­рының болуы да бірдей. Жалғыз айыр­машылығы – қазақстандық вак­цинаның сақтау мерзімі 6 ай болса, қытай вакцинасын 12 ай сақтауға болады. Екі вакцинаның техникалық детальдарында да болмашы айырмашылық бар. Ал көрсетілімі, қарсы көр­сетілімі бірдей деуге болады. Тиімділігіне қатысты айтар бол­сақ, отандық ғалымдардың мә­лімдемелеріне сәйкес, қазақ­стандық вакцинаның тиімділігі 90 пайызды құрайды. Дегенмен қытайлық вакцинаның тиімділігі де осы шамада, ‒ дейді Л.Ералиева.

Басты айырмашылық ‒ векторлық технологияда

        Спутник V вакцинасының векторлық технология арқылы жасалғаны осы кезге дейін айтылды. Вакцина респираторлық жұқпалы ауру тудыратын аденовирустар негізінде әзірленген. Демек, бұл екпеде басқа вирустың өзгертілген түрі бар. Өзгерген вирус генетикалық материалды адамның жасушасына жеткізеді. Спутник V екпесінде адамда ЖРВИ, конъюнктивит және гастроэнтерит тудыратын аденовирустар қолданылады (кейбір екпелерде пневмония және қызылша тудыратын аденовирустар пайдаланылады).

Екпеде вектор ретінде қолданылатын вирус ауру тудырмайтындай етіп өзгертілген. Вектор көзделген вирустың генімен бірге егіледі. Covid-ке қарсы вакцинада бұл ген жасушаға тікен пішінді ақуыз қалыптастыруға көмектеседі. Бұл ақуыз коронавирустың қабығындағы ақуызға ұқсайды. Адамға екпе салынғанда, вектор адам жасушасына енеді. Ал жасуша тікен пішінді ақуыз шығарады. Иммундық жүйе тікен пішінді ақуызды байқаған сәтте бірден антиденелерді өндіре бастап, ағзадағы өзге де иммундық процестерді іске қосады. Сөйтіп ағзаға вирус түскенде иммундық жүйе тойтарыс беруге дайын тұрады.

        Векторлық технологияны Оксфорд университеті мен AstraZeneca вакциналарын өндірушілер де қолданады. «Спутниктің» екіншісінен айырмашылығы – ресейлік вакцинаны жасаушылар қабықша ретінде адамның аденовирусын, ал Оксфорд ғалымдары шимпанзе аденовирусын пайдаланады.

        «Спутникті» ‒18 градус температурада сақтау керек және оны қолданар алдында еріту керек. Осыған байланысты ресейлік вакциналарды сақтау және тасымалдау процесі, мысалы, Pfizer-BioNTech РНҚ вакциналарына қарағанда әлдеқайда жеңіл екені дәлелденген. Өйткені Pfizer-BioNTech РНҚ вакциналарын өте төмен температурада (‒80, ‒70°C) сақтау керек.

      Қарап отырсақ, үш вакцинаны да дайындауда қауіпсіздік мәселесі жан-жақты ескерілген. Вакциналардың сақтау мерзімі мен құрамында аздаған айырмашылық бар. Көп жағдайда ұқсас. Бұл жөнінде ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова келесідей пікір білдірген:

      ‒ Hayat-Vax пен QazVac вакциналары бұрыннан белгілі технологиямен жасалған. Онда тұтас вирус қолданылады. Ал  Спутник V ‒ векторлы вакцина. Жаңа технология, бірақ бұл да баяғыдан белгілі. Үш вакцина да тиімді әрі қауіпсіз. Қазақстандықтардың таңдауы болғаны жақсы. Сондықтан қалағаныңызды алуды ұсынамын, ‒ дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!