Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс мінберінде депутат Екатерина Смышляева денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атына өткір сауал жолдап, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін сынға алды. Оның айтуынша, миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалғанымен, нақты өтемақы төлемдері мардымсыз, ал өтініштердің басым бөлігі кері қайтарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесінің тиімділігіне күмән келтіріп, оның нақты қорғаныс тетігіне айналмай отырғанын мәлімдеді.

«Науқастар мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын теңгерімді қорғау мәселелері басты назарда. Сәуір айында мұндай қорғауды қамтамасыз ететін халықаралық деңгейде мойындалған тетік – медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың құқықтық негізі қабылданғанына екі жыл толады. Модель тәжірибеде бір жарым жылдан бері қолданылып келеді. Алайда талдау көрсеткендей, жүйе әзірге қойылған мақсаттарға толық көлемде қол жеткізе алмай отыр. Мәселен, 1,5 жыл ішінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі шамамен 6 миллиард теңге болса, осы кезеңдегі нақты сақтандыру төлемдерінің көлемі 230 миллион теңгеден сәл ғана асады», – деді депутат Екатерина Смышляева.

Депутаттың сөзінше, әзірге бұл жүйе пациенттер мен медицина қызметкерлерін қорғаудан гөрі, сақтандыру әкімшілерінің мүддесін қорғауға көбірек ұқсайды.

«2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша сақтандыру пулы 332 өтінімді тіркеген. Оның ішінде тек 52-сі сақтандыру төлемдерімен аяқталған, 38-і қаралу үстінде, ал 242-сі немесе 72,9 пайызы бойынша бас тарту шешімі шығарылған. Негізгі белсенділік 5 өңірге тиесілі – Астана, Алматы қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстары. Бұл өңірлер барлық тіркелген сақтандыру жағдайларының 64 пайызын береді және сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемінің 70,8 пайызын алады. Барлығы бірдей ережелермен жұмыс істегенімен, сақтандыру жағдайларын анықтау, сүйемелдеу және реттеу тәжірибесінде айырмашылықтар қалыптасқан», – деп сынға алды мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Тәуелсіз сараптамалық комиссиялардың (НЭК) жұмысы біркелкі ұйымдастырылмаған дейді депутат. Оның сөзінше, бас тартулардың басым бөлігі мүгедектік белгіленбеген денсаулыққа зиян келтіру жағдайларына тиесілі.

«Мұндай өтініштер саны көп болғанымен, төлемдер үлесі өте төмен. Бұл Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесінде пациенттердің тікелей шығын көтермеуіне байланысты, сондықтан зиян фактісі дәлелденсе де, оны қаржылай растау қиын. Соның салдарынан құқық қолдану тәжірибесінде бірізділік қалыптаспаған. Сонымен қатар бас тарту себептері тек пациенттің нақты шығындарын растаумен шектелмейді. Көп жағдайда бас тартулар оқиға мерзіміне немесе өтініш берген сәтте сақтандыру шартының болмауына байланысты беріледі. Алайда денсаулыққа келтірілген зиянның салдары көбіне ұзақ мерзімді болады, сондықтан адам сақтандыру шартының әрекет ету мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінуі мүмкін», – деді депутат.

Тағы бір маңызды кемшілік жүйені іске асырудағы олқылық. Заңда заңгерлік көмекті төлеу мүмкіндігі қарастырылған дейді депутат.

«Алайда бір жарым жыл ішінде бірде-бір медицина қызметкеріне адвокат қызметінің шығындары өтелмеген. Яғни, бүкіл жүйе жұмыс істеген кезеңде бұл тетік іс жүзінде іске қосылмаған. Соған қарамастан, медицина қызметкерлері адвокаттардың көмегіне жиі жүгінген», – деді депутат Екатерина Смышляева.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (МӘМС) құжаттарды қолдан жасау, “қосып жазу” және ірі көлемде қаржы жымқыру деректері анықталғанын айтқан еді. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, 2024-2025 жылдары денсаулық сақтау саласына 7,8 триллион теңге бөлінген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!