Қазақстандағы медициналық ұйымдардың қарызын жабуға мемлекет қазынасынан 60 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Орталық коммуникациялар алаңында  денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина ұйымдарының не себепті берешегі бар екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Ұзақ мерзімді кредиторлық берешек бар: қарыз екі жыл ішінде, ал кейбір ұйымдарда – тіпті бес жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін. Республика бойынша осындай 80 ұйым бар», – деді Ажар Ғиният  ОкҚ өткен брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде министрлік әкімдіктермен денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп сауықтыру жоспарын әзірлеген.

«Негізінен бұл шұғыл медициналық көмек көрсететін клиникалар. Олардың қарыздарын өтеу үшін біз осы жылдың екінші жартысында шамамен 60 млрд қосымша қаржы бердік. Жыл соңына дейін қосымша қаржыландыру қарастырылуда», – деді Ғиният.

Министрдің айтуынша, мұндай қарыз әрбір медициналық ұйымдарда болуы мүмкін. 

«Әрбір медициналық ұйымның ағымдағы қарызы бар шығар, өйткені әрбір көрсетілген медициналық қызмет бір айдан кейін, яғни келесі айдың 10-да жабылады, сондықтан ағымдық қарыздар болады. Медициналық ұйымдар азық-түлік және басқа да заттарды сатып алады. Жыл соңына дейін берешек жабылады,- деді ведомство басшысы. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!