Фото: shutterstock

Екпе десе екінің бірі үрке қарайды. Жасырып жабатыны жоқ, вирус пен вакцинадан халықтың жүрегі шайылып қалған. Ол аз болғандай, елімізде адам папилломасы вирусына қарсы вакциналауды енгізу бойынша дайындық жұмыстары да басталды. ДДСҰ 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакциналауды ұсынып отыр. Осыған байланысты Қазақстанда биылғы жылдың үшінші тоқсанында 11 жастағы қыздарға екпе салу жоспарлануда. Күзге дейін 175 мыңға жуық қызды вакцинамен қамту көзделген.

Ғалам жаңалықтарына құлақ түрсең расымен жаға ұстайсың. Дамыған елдер әлдеқашан дабыл қағып, аталған дертті ауыздықтауға бел шеше кірісіп кетті. Себебі жатыр мойны обырының дамуы АПВ инфекциясына байланысты екені ғылыми түрде дәлелденген. Ал оның алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл дерт әлемдегі барлық қатерлі ісік аурулары құрылымында 13%-ға дейін жетеді. Әлемде жыл сайын аталған диагноздан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Ал Қазақстанда жыл сайын 1600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел жан тапсырады екен. Қатерлі ісік ауруы арасында жатыр мойны обыры 5-орында, ал өлім-жітім бойынша 8-орында тұрғаны алаңдатады.

Бүгінде 125-ке жуық ел (АҚШ, Канада, Аустралия, Бразилия, Венесуэла, Ұлыбритания) өзінің ұлттық иммундау бағдарламаларына АПВ қарсы вакцинаны енгізген. ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, «2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» шеңберінде адам папиллома вирусына қарсы вакциналауды енгізу жоспарланған.

– Вакцинация – жұқпалы аурулардани қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Профилактикалық екпелермен жоғары деңгейде қамту ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша иммунизация жұқпалы аурулардан қорғап қана қоймай, жалпы қоғам денсаулығына оң әсер етеді. Бірқатар жұқпалы инфекциялардан болатын аурулар мен өлім жағдайларын едәуір азайтады. Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде. Бүгінде облыста 216 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 43 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. Ұлттық егу күнтізбесіне 2024 жылдан бастап адам папилломасы вирусына қарсы екпе енгізілді. Екпе науқаны осы жылдың күзінен басталады деп жоспарлануда. Адам папиллома вирусы – бүкіл әлемде кең таралған, шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ негізінен жыныстық қатынас арқылы таралады және жұқтыру жағдайларының басым бөлігі жыныстық қатынас басталғаннан кейін болады. Вирус тез таралады және жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады, сондықтан да қауіпті. Көп жағдайда инфекция еш симптомсыз өтеді. Сол себепті адамда АПВ бар-жоғын арнайы зертханалық талдаудан кейін ғана білуге болады, – деді Қызылорда облысының санитариялық-эпиемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенова.

Оның айтуынша, вакцина білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін әрі қолжетімді. Сондай-ақ ата-ана өтінішімен вакцинаны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады. Вакциналау ата-ананың немесе қамқоршының келісімімен, еш қарсы көрсетілім болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін жүргізіледі. АПВ-ге қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшықетіне егіледі. ДДСҰ ақпаратына сәйкес, вакциналау кестесі вакцина салынуы тиіс адамның жасына байланысты анықталады. Айта кету керек, кез келген вакциналау, соның ішінде АПВ-ге қарсы вакциналар ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады.

– Жатыр мойнының қатерлі ісігі онкологиялық аурулар бойынша алдыңғы қатарда тұр. Жас ерекшелігіне келетін болсақ, 40-тан асқан әйелдерде көп кездеседі. Негізгі себебі адам папилломасы вирусы. Аурудың пайда болу факторы – жыныстық қатынасқа ерте түсу, жыныстық қатынаста бірнеше адаммен болу, ерте жастағы жүктілік немесе 18 жасқа дейін босану. Тіпті кеш тұрмысқа шығып, кеш босану да болуы мүмкін. Сондай-ақ босанудан кейінгі тыртық, жарақаттың қалуы, жатыр мойнының патологиялық процестері, гормондық тепе-теңдіктің бұзылуы және иммундық жүйенің төмендеуі қатерлі ісікке айналуына себеп.

Ал вакцина алу аурудың алдын алып, жиілігін төмендетеді. Сонымен қатар скринингтік бағдарламаға қатысу да сақтанудың негізгі жолы. Емханаларда ұлттық скринингтік бағдарламалар болады, оған әйелдер шақырылып, тегін түрде жатыр мойнынан жұғынды алып, тексереді. Көп жағдайда әйелдер өзінде шағым болмаса скринингтен де өтпейді, профилактикалық мақсатта гинекологқа келіп қаралмайды. Ал ауру асқынғаннан кейін оны емдеу де күрделі болады. Сондықтан маман ретінде айтарым, ешқандай шағым болмаса да жоқ дегенде жылына бір рет жұғынды тапсырып, гинекологқа қаралу керек. Соның барысында гинекологиялық тексеру жүргізіп, аппараттарға түсіреді. Күдік болған жағдайда ем тағайындалады. Көп мөлшерде қан кетіп, асқынған жағдайда онкогинекологқа жібереміз. Яғни онкологиялық орталықта ем алады. Негізі қатерлік ісіктің емделуі әйелдің организмі мен иммундық жүйесіне, жатыр мойны обырының стадиясына байланысты, – деді қалалық №3 емхананың акушер-гинеколог дәрігері Әсел Сармолдаева.

Түйін. Қызын қызғыштай қорғайтын қазақ ата-аналары әуелде бұл шешімге күдікпен қарағаны белгілі. Дегенмен ғылыми зерттеулер мен ақ халатты абзал жандардың шешімі екпенің пайдасы мол екеніне сендіреді. Иә сақтансаң ғана сақтайтын заманда түрлі дерт пен жұқпалы аурулардың жолын кесетін жаңа вакцина бұрымдылардың болашағын жарқын етеді деп үміттенеміз.

Айдар Сайлауов

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!