«А» вирусты гепатиті – бауырды зақымдайтын, сарғаю мен жалпы улану белгілерімен қатар жүретін, жедел басталатын жұқпалы ауру. «А» вирусты гепатитіне барлық жастағы адамдар сезімтал. Жұқпа көзі – науқас адам.

Ауруға шалдығу вирус бөліктерінің лас қол, тағамдық заттар мен су арқылы асқазан-ішек жолдарына түсуінен басталады.

Негізгі берілу жолдары:
• тағам арқылы – науқас адамның жеке бас гигиена талаптарын сақтамай жасаған тағам өнімдері, дұрыс термиялық өңделмеген тағам, ластанған қолмен залалданған тағам арқылы жүзеге асады.
• тұрмыстық-жанасу арқылы – лас қол немесе қоршаған орта заттары арқылы жүзеге асады. Жұқпаның берілу факторлары болып есік тұтқалары, санитариялық-техникалық құралдардың крандары мен ұстағыштары, баспалдақтың тіреулері болуы мүмкін.
• су арқылы – вирустармен залалданған суды ішу, тағам дайындау кезіңде пайдалану мен тағам өнімдерін жуу кезінде жүзеге асады.

Аурудың клиникалық белгілері – науқастың тәбеті бұзылып, оң жақ қабырға астында ауырсыну сезімі, жүрек айну, құсу пайда болып, дене қызуы көтеріледі.

2025 жылы облыс көлемінде «А» вирусты гепатитінің 40 дерегі есепке алынды. Оның 20 жағдайы – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. 2024 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 3,2 есеге төмендеген. Бұл ретте ауруға қарсы иммундаудың оң нәтижесін атап өту маңызды. 2025 жылы бұл ауруға қарсы екпенің 1-турымен 17 122 адам қамтылған болса, 2-турынан 15 738 адам өтті. Екі рет жасалатын екпе ауруды жұқтырып алу қаупін төмендетеді. Иммундау шаралары Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті екпеге қосымша келесі алдын алу шараларын ұсынады:

  • белгісіз су көздерінен суды пайдаланбау, лас су қоймаларында шомылмау;
  • гигиеналық ережелерді міндетті түрде сақтау, дәретханадан кейін, сырттан кіргеннен кейін, тамақ ішер алдында қолды мұқият сабынмен жуу;
  • өз үйіңізді, аулаңызды, пәтеріңізді таза ұстау;
  • жеке гигиена заттарын бөтен адамға пайдалануға беруге болмайды;
  • көкөністер, жеміс-жидектерді міндетті түрде қолданар алдында сумен мұқият жуу.

Бұл сақтық шаралары тек «А» вирусты гепатитінен ғана емес өзге де ауруларды болдырмауға көмектеседі.

Г. Сыздыкова,
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!