Кезекті жұмыс күнінде Қызылордадағы көпбейінді облыстық аурухананың үлкен мәжіліс залына табан тіредік. Қатысушының барлығы – ақ халатты, жүзінен байсалдылық пен жинақылық байқалатын жандар.
16 қазан – Дүниежүзілік анестезиолог және реаниматолог күні. Кәсіби мереке қарсаңында сертіне адал, күні бойы ота жасап, өмір үшін күреске үйренген дәрігерлер тәжірибе алмасу үшін конференцияда жиналды. Бұл жиының орны ерекше. Себебі Қызылордада кейінгі 40 жыл көлемінде мұндай деңгейдегі басқосу болмаған.
Залға трибуна орнатылып, экран тексеріліп жатыр. Қатар тізілген орындықтар жүйелі орналасқан. Ал сағат он екіде конференция ресми түрде ашылды.
Ақ халаттылардың іс-шарасына қатысуға арнайы Алматы қаласы мен Қызылорда облысының аудандарынан мамандар келген. Оның ішінде анестезиология-реаниматология федерациясының президенті, профессор Ерғали Меирбеков те бар. Ашылу салтанатында көпбейінді облыстық аурухананың құрметті директоры Тұрғанбай Маханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова және анестезиология-реаниматология федерациясының президенті, профессор Ерғали Меирбеков сахна төріне көтерілді. Ашылу рәсімінен кейін үздік мамандар марапатталып, алғыс хат табысталды.
Баяндамалар легі басталған сәтте залдың атмосферасы одан әрі жанданды. Қызылорда облысының штаттан тыс бас реаниматолог-анестезиологы Алмат Әбдіқалық Қызылорда бойынша кейінгі тоғыз айдың есебін ұсынды. Ол анестезиология саласындағы көрсеткіштер, жаңа әдістемелер мен аймақтағы жетістіктер жайлы нақты дерек келтірді. Келесі сөз кезегі профессор Ерғали Меирбековке берілді. Оның ғылыми баяндамасы тек теориялық тұрғыда ғана емес, тәжірибеде жиі кездесетін нақты жағдайлармен ұштасты. Сондай-ақ ана мен бала орталығының бөлім меңгерушісі Асқар Әуезбеков кесар тілігі, операциядан кейінгі жатырлық қан кету жайлы баяндады. Алматыдан келген Ерболат Әбдікереев акушерлік сепсис кезіндегі заманауи әдістер туралы егжей-тегжейлі сөз қозғады.
Баяндама арасында Алматы қаласындағы акушерлік гинекология және перинатология ғылыми орталығының реанимация және қарқынды емдеу бөлімшесінің меңгерушісі Ерболат Қонысбекұлымен әңгімелесіп үлгірдік.
− Бұл конференцияның басты мақсаты – тиімді әрі тактикалық тұрғыда ем жүргізу жолдарын талқылау, білім мен тәжірибе алмасу. Біз Алматыда жинаған практикалық тәжірибемізді өңір мамандарымен бөлісіп, нақты мысал арқылы көрсетуге тырысамыз. Осындай іс-шаралардың өңірлерде ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Әдетте мұндай конференция көбіне ірі қалаларда өтеді, ал аймақтарда қолға алуыну – құптарлық бастама. Біздің орталық оңтүстік аймақтарды, соның ішінде бірнеше облысты қамтиды. Ақтаудан Өскеменге дейінгі өңірлермен де тығыз байланыстамыз.
Конференцияда акушерлік сепсис тақырыбында баяндама жасадым. Бұл – қазіргі таңда өзекті әрі жиі кездесетін мәселе. Көптеген асқынулар дәл осы сепсистен туыңдайды. Сондықтан оның алдын алу, емдеу тәсілдерін жетілдіру, тәжірибемен бөлісу – біздің басты мақсатымыз, − деді Ерболат Әбдікереев.
Әр баяндамашының сөзі тәжірибе мен ғылымның тоғысқан тұсын айқын көрсетті. Залда отырғандар жазып алып, сұрақ қойып, пікір алмасты. Бұл жиын тек кәсіби білім алмасу емес, өмірге жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлердің ортақ рухын танытқан сәт болды.
Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы бойынша Dr. Sertus компаниясының өңірлік менеджері Жанна Балғабаева «Пневмония, оны емдеу мен асқынуларының алдын алу» тақырыбында құнды мәлімет айтты.
Қызылорда облысы бойынша штаттан тыс бас реаниматолог-анестезиолог маман Алмат Қаппарұлымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Бүгін медицина саласындағы өзекті тақырыптар бойынша тәжірибе алмасу, пікірлесу мүмкіндігі туды. Әдетте мұндай конференциялар Алматы мен Астанада өтеді. Қызылордада ұйымдастырылуы – үлкен жетістік деп білемін. Қазір медицина күн сайын дамуда, жаңа әдістер мен технологиялар пайда болуда. Сол жаңалықтарды өңірлік мамандарға жеткізу, талқылау, тәжірибеде қолдану – өте маңызды.
Қазір облыс бойынша шамамен 110 реаниматолог-анестезиолог дәрігер бар, соның 80-ге жуығы конференцияға қатысып отыр. Қалғандары кезекшілік пен жұмыста. Жалпы қызылордалық мамандардың кәсіби деңгейі жоғары. Біз аудандарға жиі шығып, науқастардың жағдайын, емдеу сапасын, дәрігерлердің біліктілігін бақылап тұрамыз. Кейінгі жылдары жас мамандардың қатары көбейіп келеді. Резидентураны тәмамдап, елге оралып жатқан жастар аз емес.
Біздің салада науқастар көбіне өте ауыр жағдайда түседі. Сөйлей алмайтын, шағым айта алмайтын халде жеткізіледі. Мұндай кезде туыстарының тарапынан түсінбеушілік те болып жатады, бірақ дәрігердің мақсаты – адам өмірін сақтау екенін бәрі түсінсе дейміз.
Медицинада қанша жыл еңбек етсең де, білім жетілдіру ешқашан артық емес. Уақытылы үйреніп, жаңа ақпаратты игеру – әр маманның борышы. Ардагер дәрігерлеріміздің тәлімін жалғап, жастар да өз білімін тереңдетіп отырса, бұл сала дами береді, − деді ол.
Ал күннің екінші жартысында Дінислам Шайхутдинов акушерлік сепсис кезіндегі гемостазды экстракорпоральды коррекциялау туралы баяндады. Ал профессор Меирбеков тағы бір маңызды тақырып – «Кардиохирургиядағы ингаляциялық анестезияның инновациялық аспектілері» бойынша тәжірибесін бөлісті.
Дәрігер Еркеұлан Садуов пен Елдос Өмірзақ өз баяндамаларында заманауи протоколдар мен УДЗ навигациясының маңызын сөз етті.
Жалағаш аудандық ауруханасының реаниматолог дәрігері Нұрболат Балтабайұлы медицина саласындағы кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған конференциядан ерекше әсермен оралғанын айтады.
– Бұл конференция республикалық деңгейде өтті. Түрлі өңірден келген тәжірибелі мамандар мен профессорлар құнды әрі кең ауқымдағы дәріс оқыды. Өз ісімізге қажет көп мәлімет пен жаңа тәжірибе жинадық. Осындай басқосулар кәсіби дамуға зор серпін береді. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын, – дейді дәрігер.
Алты жылдан астам уақыт аудандық ауруханада абыройлы қызмет етіп жүрген Нұрболат Балтабайұлы өз мамандығының жауапкершілігі мен ауыртпалығын жақсы түсінеді.

– Реаниматология – ең қиын әрі ең жауапты сала. Кез келген отаның сәтті өтуі көбіне реаниматологтың жұмысына байланысты. Бізге көп жағдайда ауыр халдегі науқастар түседі. Олардың өмірге қайта оралуына, маңызды ағзаларының қалыпты жұмыс істеуіне үлес қосамыз. Негізгі мақсат – науқасты аман алып қалу, – деп пікір білдірді ол.
Дәрігердің бір күндік жұмысы таңғы 7:30-да басталады. Алдымен түнгі ауысымдағы қызметкерден кезекшілікті қабылдап, бөлімшеге түскен науқастардың жағдайымен танысады. Олардың диагнозын нақтылап, ем-шара жоспарын құрады.
– Таңертең әріптестермен бірге науқастарды қарап, емдеу тактикасын талқылаймыз. Күніне 3-4 ота жасалады. Оның ішінде хирургиялық, гинекологиялық және травматологиялық операциялар бар. Кейде жедел жәрдеммен ауыр халде түскен науқастарды қабылдау бөлімінен бірден жоғары реанимацияға көтеруге тура келеді. Ауданымыз қатты үлкен емес, сондықтан күніне 15-ке жуық науқас қаралады, – дейді Нұрболат дәрігер.
«Реанимация» сөзі «қайта қалпына келтіру» деген мағынаны білдіреді. Бұл бөлімге ес-түссіз, тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтаған науқастар жиі түседі. Сол сәтте дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен жылдам шешімі шешуші рөл атқарады.
– Мұндай сәттерде әр секунд қымбат. Біз науқастың өмірін қайта жалғап, оның қалыпты өмірге оралуына себепші болуға тырысамыз. Бұл – дәрігерлік борыш қана емес, адамдық парыз, – дейді Нұрболат Балтабайұлы.
Конференция дәрігерлер қауымының кәсіби бірлігін, өз ісіне деген адалдығын тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай басқосулар тәжірибе алмасуға, жаңа әдістерді енгізуге және медициналық қызмет сапасын арттыруға жол ашатыны анық.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!