Аяз ӘбдіРАХЫМҰЛЫ,«Астана медицина университеті» КеАҚ Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының оқытушысы:

Қазір өзекті болып отырған вирусология саласы бойынша және ғылымның жалпы сұрақтарын қамтыған осы сұхбат қалың оқырманға пайдалы болады деген сеніммен жазылды. Медицинаны арқау еткен жай сөз емес, академиялық дәрежедегі сұқбат берген кейіпкеріміз көп мәселенің түйінін тарқатты.

‒ Осыған дейін вирусологияға мән бере қоймаған қоғам үшін қазір бұл термин жақсы таныс.Сондықтан әңгімемізді ғылым саласының қазіргі жай-күйінен бастасақ. Covid-19 ғылымға қандай өзгеріс әкелді?

‒ Иә, коронавирусты инфекция қоғамдық резонанс тудырған тақырып болғаны рас. Бірақ бұл осыған дейін вирусология ғылымының даму деңгейі төмен болды немесе басқа да өзекті вирусты инфекциялар болған жоқ дегенді білдірмейді. Әлем осыған дейін бірнеше рет тұмау (грипп) вирусының пандемияларын бастан өткерді, одан бөлек таралуы бойынша геометриялық прогрессиямен көбейіп келе жатқан, бүкіл әлем дабыл қағып отырған, қан арқылы берілетін АИТВ (адамның иммунтапшылық вирусы) инфекциясы, вирусты В және С гепатиттері бар, ауа-тамшылы жолмен берілетін қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит вирустары, олармен бір қатарда бой түзеп келе жатқан онкогенді вирустардың мәселесі бар. Жыл сайын әйелдер арасында АПВ (адамның папиллома вирусынан) туындайтын жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруы белең алып келеді. Олардан герпес вирустар, аденовирустар қалыс қалмайды. Жаз айларында барлығы жаппай шомылу маусымына белсене кіріскен кезде жұқпалы аурулар ауруханалары ағынды су арқылы таралатын энтеровирусты инфекциялы науқастарға толады. Қазақстанда жыл сайын қараша-ақпан айында тұмаудың эпидемиясы жүруде. Оны ешкім тоқтата алмайды. Covid-19 дәурені басталғанға дейін тұмау вирусынан әлемде жыл сайын 600 мыңға жуық адам қайтыс болатын. Себебі тұмаудың көптеген атипті штаммдары бар. Мысалы, геморрагиялық формасында шырышты қабаттардан (көзден, ауыз қуысынан, жыныс жолдарынан) қан кетеді. Фульминантты формасында аурудың ағымы найзағай тәріздес өтіп, науқас сол мезетте жан тапсырып жатады. Қандай да бір инфекция болмасын біз неден қорқамыз? Аурудың асқынуынан қорқамыз. Мысалы, Covid-19 инфекциясының ағымы жай ЖРВИ сияқты өтуі мүмкін, ал егер асқындырып алсақ, онда жағдай қиын. Өйткені вирустық пневмониялар ешқашан емделмейді, ЖРДС (жедел респираторлық дистресс синдром), сепсис, сепсистік шок және т.б. дамыса жағымды болжам айту қиын.

Covid-19 ғылымға еш өзгеріс әкелген жоқ. Біз бұған дейін де вакцина жасауды білдік, бұған дейін де вирустық пневмония­лармен бетпе-бет келдік. Covid-19 адамдардың санасына әсер етті. Ол денсаулықты күтуге үйретті, жақындарымызды қадірлеуге тәрбиеледі. Халықтың медициналық сауаттылығы артты, олар еліміздегі денсаулық сақтау саласының жұмыс істеу құрылымымен жақын танысты. Дәрі-дәрмектер жөнінде білімдері кеңейді. Қандай симптомдар дамыса дереу дәрігерге қаралу керектігін білді. 

‒ Пандемия елдегі медицина мамандарының, әсіресе вирусолог, инфекционист мамандардың жетіспейтінін көрсетті. Осы орайда ғылым жолын таңдаған сәт жайлы да кеңінен тарқатсаңыз. Әдетте медицинаның қиындығы жиі айтылады, дей тұрғанмен ғылымның өзіне тән артықшылығы болады емес пе?! Бұл туралы не айтар едіңіз?

‒ Ғылым жолы қиын. Бірақ менің ғылымға келуім мектеп қабырғасында пайда болған қызығушылығымнан десем болады. Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен үшін фундаментальды «ғылым мектебі» болды. Ол химия-биология бағытында тереңдетіп оқытатын мектеп болғандықтан бізде жан-жақты дамуға, ой-өрісімізді кеңейтуге мүмкіндік болды. Одан кейін әр адам қолынан не келеді, сонымен айналысады деген бар. Менің жағдайымда да солай.Тәжірибе жасау, оны дәлелді базасы бар мәліметтермен салыстыру, артық-кемін табу, оны ғылыми мақала етіп жазып, сапалы ғылыми журналдарда жариялау – қызығы мен шыжығы мол жұмыс. Екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Жалпы алғанда медицина саласы өзінің негізін тікелей ғылыми зерттеулерден алады. Гиппократтың, Әл-Фарабидің, Ибн Синаның жазбалары бар, бертін келе Антони ван Левенгугтың микроскопты ойлап табуы, Роберт Кохтың туберкулез таяқшасын бөліп алуы, Александр Флемингтің антибиотиктерді ашуы – ғылымды дүр сілкіндірген жаңалықтар . Өзім тереңдете айналысып жүрген микробиология және вирусология саласында осы және өзге де мысал көп. Десе де, қазіргі таңда шешімін таппай отырған сан түрлі сауал, әлемдік деңгейдегі мәселелер жетерлік.

‒ Сала бойынша сізді қандай мәселелер алаңдатады? 40-қа жуық ғылыми мақалаңызда қандай тақырыптарды зерттедіңіз? Микробио­логия, вирусология тақыры­бында ғылым үшін беймәлім дүниелер қандай?

‒ Ғылыммен айналысқаныма 5 жылға жуықтады. Осы аз ғана уақыт ішінде мен терең қанық болған, мені қатты алаңдататын мәселе бар – ол бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі. Бұл терминмен алғаш рет бетпе бет келіп отырған адамға мені түсіну оңай емес. Басын ашып айтатын болсам, қазір халық арасында антибиотиктерді емін-еркін қолдану үрдісі кең таралды. Ата-аналар дәрігердің қабылдауына келген кезде рецептке антибиотиктерді жазып бермесек олар өзімізге агрессия көрсететіндей халге жеттік. Орта жастан асқан әпке, апаларымыздан жыл сайын «Метрид» салдырмасам жүре алмаймын дегенді, «Сумамед» ішкізбесем баламның мұрнының аққаны тоқтамайды деген жас аналарды, жедел вирустық инфекцияларды емдейміз деп білектен көктамырға цефтриаксонды салдырған қаншама адамды көрдім. Антибиотик – бактерияларды емдеуге арналған дәрі. Олардың вирустарға немесе басқа да паразиттерге қарсы күші жоқ, әсер ету нысаны жоқ. Бактериялардың өзі дәрі таңдайды. Цефазолинге өлетін бактерия бар, өлмейтін де бактерия бар. Міне, сол өлмейтін бактерияларымыз бертін келе цефазолинге төзімділік тудырады. Осылайша әр бактерия ондаған антибиотикке төзімді болып, ары қарай көбейіп тарала береді, ол барып басқа адамға жұқтырады. Ал көп антибиотикке төзімді болып кеткен, емделмейтін бактерияның агрессивті штамы келесі адамға жұқса, ол адам өлімге дейін жетуі мүмкін.

Дәріге төзімділікті айтқан кезде туберкулез инфекциясы жөнінде айтпауға болмайды. Осы ауруды емдейтін тек 5 дәрілік зат бар. Қазақстан – бүкіл әлемде туберкулездің емделмейтін поли-антибиотико-резистентті штамдары таралған бірінші мемлекет. Осы ретте бір өкінішті тұсын айта кеткім келеді. Біз мәселені көріп тұрмыз, шешу жолын білеміз. Бірақ әрекет етпейміз. Нақты мысал айтайын, жоғарыда айтып өткенімдей, әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі көп. Қоздырғышы да белгілі – адамның папиллома вирусының онкогенді штамдары. Шешімі де бар – вакцина өзге елдерде сәтті қолданысқа енгізілген. Тек еліміз қазіргі күні 12-14 жастағы қыздарға осы вакцинаны салуға қауқар танытпай отыр. Айтқанымдай-ақ, мәселе бар, шешім бар, әрекет жоқ. Түптеп келгенде әрекет те жоқ емес, халықтың медициналық сауаттылығы төмен. Тыңдайтын құлақ болса, біз айтуға, түсіндіруге әркез дайынбыз.

Қазір мен қызмет ететін Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана медицина университетіндегі Ш.И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының оқу зертханасының жағдайында кафедра меңгерушісі, профессор Марат Өтеуұлы және ғылыми жетекшім профессор Әлия Өтешқызының қолдауымен  түрлі бағытта зерттеулер жүріп жатыр. Зерттеу жұмыстарымның көп бөлігі антибиотиктерге төзімді бактериялардың штамдарын анықтау, олардың таралуын тоқтатуға жағдай жасау, алдын алуға бағытталған. Одан бөлек іріңді-хирургиялық ауруларға, жыныстық инфекцияларға, патогенді саңырауқұлақтарға арналған жұмыстар бар. Қазіргі таңда рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау – ғалымдардың жұмыс индикаторы болып отыр. Осы ретте соңғы жұмыстарымыздың бірі – опиоидты есірткілер қабылдаған, наркоманиямен ауыратын науқастардың иммундық статусын зерттеу туралы ғылыми мақаламыздың ресейлік танымал журналда жарияланғанын тілге тиек еткім келеді.

‒ Адам ағзасы вирусқа төтеп беруге қаншалықты қауқарлы? Жалпы вирустан сақтанудың басты талаптары деп нені айтар едіңіз?

‒ Дені сау адам ағзасы біршама инфекцияны өз күшімен жеңуге қауқарлы. Теориялық жағынан алғанда иммунитеттің екі түрі бар: гуморальдық және жасушалық иммунитет. Гуморальдық иммунитетті құрайтын В-лимфоциттеріміз инфекцияның әрбір штамына қарсы арнайы антиденені (иммуноглобулиндерді) түзеді. Мысалы, Covid-19 вирусы ағзаға енді түскен кезде қанда IgM-нің (иммуноглобулин М) титрі жоғарылайды, ал ауру созылмалы сатыға өткенде немесе вакцинадан кейінгі иммунитет бар болса, науқас бұрын ковидпен ауырған болса, онда IgG титрі жоғары болып тұрады. Біз оны ИФА (иммуноферментті анализ) деген зерттеу әдісі арқылы көрсек болады. Жасушалық иммунитетке Т-лимфоциттер (Т-хелпер, Т-Киллер, макрофагтар және өзге де лейкоциттер) жауапты. Олар өздерінен вирусқа қарсы көптеген қабынулық және қабынуға қарсы медиаторларды – цитокиндерді, интерлейкиндерді бөліп шығарады. Қазір халық «цитокиндік шторм» деген терминді біледі. Бұл ковидтен кейін болатын өлімнің негізгі патогенездік механизмдерінің бірі болып есептеледі.

Жоғарыда айтқанымыздай, ауырмаудың ең дұрыс жолы – профилактика. Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. Оның астарында үлкен мән жатыр. Профилактиканың біз екі түрін ажыратамыз: бейспецификалық және спецификалық профилактика. Бейспецификалық алдын алуға әр адамның жеке бас гигиенасын сақтауы, дұрыс тамақтануы, уақытылы ұйықтауы, жақсы көңіл күйде жүруі секілді факторлар жатады. Ал спецификалық (арнайы) алдын алу тікелей вакцинациялау арқылы іске асады. Әр жұқпалы ауруға тән өз вакцинасы болады. Бала дүниеге келген сәттен бастап өмірінің бастапқы 2 жылына дейін 10-12 вакцина қабылдайды.  Полиомиелит, дифтерия, көкжөтел деген аурулардың не екенін қазіргі қоғам білмейді де, бұл тікелей вакцинацияның арқасында. Екпе қажет және  бұл мәселе талқылауды қажет етпейді.

‒ Әдетте тұрғындар вирус тақырыбындағы ақпараттың факт немесе миф екенін ажырата бермейді. Сіз қалай ойлайсыз, бұл қоғамдағы ақпараттың жеткіліксіздігі ме?

‒ Иә, айналамдағы­лар барынша білсе екен, түсінсе екен деп кез-келген отырыста, достар арасында жүргенде үнемі айтып жүремін, фейсбукта да жазып жүрмін. Қазір дәрігерлер мен халықтың арасында асу бермес асау көпір тұр. «Халық дәрігерге сенбейді» деген бар. Осыдан келіп фейк ақпаратқа илану, дәлелденген базасы бар ақпаратқа күмәнмен қарау немесе дұрыс пен бұрысты бір-бірінен ажырата алмау деген мәселе шығады. Айта білетін мамандар аз. Білгендер бөлісуге асықпайды. Олардың орнына «псевдомамандар» – «хайп» ұстаушы, осыдан бір пайда көруді ойлайтын, шындықты айтып отырмын деп өзінің тар ойын тықпалайтын адамдар көбейіп кетті. Осы мәселенің шешімі – сіздердің баспаға ұсыныс ретінде газет бетінен арнайы айдар ашуға, менімен бірге халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға әрекет етуге шақырамын.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан:

Гүлдана ЖҰМАДИН