Дүниежүзінде адам саудасы көлеңкелі бизнеске айналған. «Walk Free» халықаралық тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 40 млн-нан астам адам құлдықтың қамытын киген. Жақында БҰҰ «тірі тауарды» саудалайтын трансұлттық қылмыстық топтардың жылдық орташа табысы 150 млрд долларды құрайтынын хабарлады. Қынжылтатыны, елімізде де адам саудасына қатысты қылмыс артқан. Қазақстан «қара тізімде» және 165 мемлекеттің арасында 86-орында тұр. Алаяқтардың арбауына көбіне кімдер түседі және құлдықтан сақтанудың жолы қайсы?
Жақсы жұмыс, жайлы үй, табысты болашақ
Мәселенің басын ашып алу үшін құзырлы мекеме жариялаған мәліметті сөйлетсек. 2018 жылы Қазақстанда құлдықта 75 мың адам болған. Жыл сайын «адам саудасы» санаты бойынша 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркелетіні анықталып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2019-2022 жылдар аралығында 131 адам жыныстық қанаудың құрбаны болды.
«Адам саудасы Қылмыстық кодекстің 128 («адам саудасы») және 135 («Кәмелетке толмағандар саудасы») баптарымен қамтылады. Кейінгі жеті жылда осы баптар бойынша сотталған адамдардың ең көп саны 2016 жылы тіркелген – барлығы 30 адам. Кейіннен 2021 жылы сотталғандар саны 14 адамға дейін төмендегені байқалды. Әдетте, мұндай сотталғандардың көпшілігі – әйелдер»,– дейді құзырлы орган өкілдері.
Тарқатып айтсақ, 2004 жылдан бері елде 18-25 аралығындағы және 30 жастан асқан ер мен әйел саудаланған. Олар көбіне еңбек және сексуалдық қанауға ұшыраған. Сыртқы істер министрлігі адам саудасымен ел азаматтары да, шетелдіктер де айналысқанын мәлімдеді. Бұған қоса Қазақстан тұрғындарының негізінен Ресейде, Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея Республикасы мен Түркияда мәжбүрлі еңбекке тартылатыны белгілі болды. Ал елімізде Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның көрші елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның ауылды жерлерінен келгендер қанауға ұшырайды. Қай адам өз еркімен құл болуға көнсін?! Сондықтан қылмыскерлер адам арбауды жетік меңгереді десе болады және бұл іс нәтижесіз емес. Жақсы жұмыс, жайлы үй, табысты болашақ. Бұл – әрбір адамның ойын дөп басуға тырысып, арманындағы өмірді көз алдына әкелетін алаяқтардың жиі қайталайтын үш уәдесі. Соның желеуімен талай жан торға түскен торғайдың күйін кешті. Мұндай оқиғалардың қайғыға душар еткені де жетерлік.
Мәселен, Грузияда ажал құшқан Әсел Айтпаеваның өлімі отандастарымызды есеңгіретіп тастады. Шетелге жұмысқа шақырған туысының ұсынысын қабылдаған Әсел Нұр-Сұлтан қаласынан шығып, Грузияда көлік сататын компанияда жұмыс істеуге шыққан. Алайда көп уақыт өтпей оның денесі Тбилисидегі көпқабатты үйдің ауласынан табылды. Қылмыстық істің бастапқы кезеңінде бойжеткен қайтыс болар алдында Бесик Тордуаның үйінде болғаны да айтылды. Сондай-ақ, 57 жастағы азамат қызды зорлады және өлімге итермеледі деген күдікпен қамауға алынды. Бірақ сотқа жетпей, абақтыда науқастанып, артынша ауруханада жан тапсырған болатын. Уақыт өте бойжеткенді Грузияға жұмысқа шақырған туысы ұсталды. Жақында жабық режимде сот отырысы өтіп, оған 15 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Әділдік іздеп, табан тоздырған Әселдің анасы Айсұлу Айтпаева сот шешіміне разы екенін айтты.
Бұдан бөлек, күні кеше ғана Әнел Бермағанбетова есімді жерлесіміз жұмыс берушілер алдап әкеліп, Лаос елінде күштеп ұстап отырғанын айтты. Қыз өзінің жағдайы туралы әлеуметтік желіде жазды. Ол қытайлық компанияда жұмыс істеп, өз брендін қалыптастыру мақсатында Таиландқа ұшып келген. Елге келгеннен кейін сән-салтанатпен жағдай жасалыпты. Жүргізушісі бар қымбат көлік, қонақүй бөлмесі берілген.Чиангарайға ұшқан соң бір ауылға тұрақтаған. Ол жақтан Әнелді қытайлық күтіп алған.
«ПТР тапсырып, қытайлық ер адам мен үшін полицияға ақша төледі, компанияның кеңсесіне алып барды. Біз аумаққа кірген бойда алданып қалғанымды түсіндім. Мені бірден талдау тапсыруға жіберді, денім сау ма, есірткі қабылдамағанмын ба тексермек болды. Сосын жатақхананы көрсетті. Шартта екі кісілік бөлмеде тұрамын немесе қонақүй жалдап беретін болған. 8-бөлмені көргенде шошып кеттім де, жылап жібердім. Ол жер лас еді. Бұл – инвестициялық платформа атын жамылған алаяқтар компаниясы. Мен клиенттермен жұмыс істейтін менеджер жұмысын орындауым керек еді. Белгілі болғандай, бұл жерде олардың жеке жер телімі бар, осылайша олар осындай заңсыз әрекеттерге барады», – деп жазды ол.
Осыдан соң Әнел мұндай жағдайда жұмыс істемейтінін айтып, шығынды өтеп, үйге қайтып кете алатынын түсіндірмек болған. Алайда жұмыс беруші оған бұл кіріп-шығып жүретін жер емес екенін айтып, осында бір жыл тұруы керек екенін айтқан және шығуға рұқсат бермеген. Жақында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Әнелдің хабарламасына жауап берді. Қазақстанның Ханойдағы Елшілігі Лаос Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдады.
Мәліметтерге сүйенсек, Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, Лаос Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі және Әнел елге оралады. Бұл соңы жақсы аяқталатын оқиғаның бірі десек болады. Себебі адам саудасының құрбанына айналған қанша жанды жақындары шарқ ұра іздеп, қаншасы туған үйге оралып, мауқын басуды аңсап жүргені белгісіз…
Саудаға түскен сәби
Өңірдегі ахуалды айналып өтпеуге тырыстық. Өткен жылы облыста адам саудасына жол ашатын жарнамалық хабарландырулар мен ақпараттық материалдар жариялаған 32 сайт бұғатталған, сонымен қатар адам саудасына қатысты 6 дерек тіркелген. Оның қатарында 5 жеңгетайлық және 1 бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша қылмыстық іс бар. Мәжбүрлі еңбек пен 14 жасқа толмаған балалардың еңбегін пайдалану деректері анықталмаған.
– Жан-жақты жұмыс жалғасуда, өткен жылы адам саудасына қатысты 2 хабарлама түсті. Соның біріне, яғни «Евразия» телеарнасында жаңалықтан берілген «Балалар 500 мың теңгеден сатылып жатыр» деген сұхбат бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Аталған ақпарат жалған болып шықты. Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасы азаматтарының мәжбүрлі еңбекке тартылғаны да хабарланды. Қылмыстық іс тіркелді, тексеру барысында 14 өзбек азаматы анықталды. Олар сол уақытта әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығы үкіметтік емес мекемесіне орналастырылды. Жалпы, аймақта адам саудасына қатысты қылмыстық істің көбі жеңгетайлықпен байланысты. 10 дерек тіркеліп, жеңіл жүріспен пайда тауып жүрген 14 адам есепке алынды, – делінген ОПД криминалдық полиция басқармасының мәліметінде.
Ойымызды сан саққа жүгірткен бұл емес еді. Полиция қызметкерлерінен бала сатуға қатысты дерек тіркелгенін естігенде айтарға сөз, қоярға сұрақ таппай қалдық. Өзекті өртейтіні, бұл сәби саудасына қатысты алғашқы да соңғы дерек емес. Бұған дейін Ішкі Істер министрлігі «қара базарда» жаңа туған нәрестелердің құны миллионнан басталып, 3-4 миллионға дейін бағаланатынын және елімізде өткен жылы 15 іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни бала сату бойынша қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Арбауға түспес үшін…
Жаһандық мәселе кешенді күресті қажет ететіні түсінікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Адам саудасына қарсы күрес мəселесі күн тəртібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы мәз емес. Құқық қорғау органдары мұндай қылмысты тергеу рəсімін жетілдіру керек. Сот тəртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді» деген болатын.
Қылмыстық кодекстің 8-бабында адам саудасы мен эксплуатациясына қатысты жауапкершілік көрсетілген. Жазаның ең қатаң түрі ретінде осындай құқық бұзушылыққа барған қылмыскердің дүние-мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Аталған нормаға соңғы түзетулер 2019 жылы желтоқсан айында енгізілді. Бұған қоса елімізде ағза мүшелерінің саудасына, кәмелеттік жасқа толмағандардың саудасына, жезөкшелікке тартуға қатысты жаза қатаңдады.
Тағы бір айта кетерлігі, адам саудасы қылмысын түбегейлі жою үшін құзырлы органдардың жұмысы аздық етеді, ол үшін бұл кеселге тұтас қоғам болып қарсы тұру керек. Сонымен қатар табысты жұмысқа қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеген дұрыс. Құжатты, жеке куәлікті ешкімге беруге болмайтынын да естен шығармау керек. Басқа қалаға немесе мемлекетке жолға шығарда туған-туысқа байланыс нөмірі мен мекенжайды міндетті түрде қалдыру маңызды. Осындай оқиғаға тап бола қалған жағдайда бірден жақын жердегі полиция учаскесіне немесе 102 нөміріне, болмаса 11616 сенім телефонына хабарласқан жөн. Сондай-ақ әр өңірде адам саудасының, құлдықтың құрбаны болғандарға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың да барын ұмытпаған абзал.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!