Елімізде маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Сын сағатта алдыңғы шептен көрінетін бүгінгінің батырлары – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Аса жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығын игеру үшін көп тер төгу қажет. Қызығынан қиындығы басым бұл салада еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Солардың бірі облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирург-дәрігері Әділбек Сәтбаев.

«Дәрігер болу бала күннен бергі арманым. Бүгінде еңбегім жемісті болып, бала арманымның орындалғанына қуанамын. Әрине оңай сала емес. Хирург болу үшін арыстанның жүрегі, мергендей дәлдік, мүсіншідей ептілік, суретшідей шебер болу керек дейтін ұстазым. Десек те, алдымызға келген балаға көмектесіп, ауруынан айықтыра алсақ жылдар бойығы еңбегіміздің еш кетпегені»,- деді дәрігер-хирург Әділбек Сәтбаев.

Алтын қолды дәрігер қазіргі жұмысына пандемия кезінде орналасқан. Күніне екі жүзге жуық балаға алғашқы көмек көрсететін облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде жұмыс істеу оңайға соқпағанын айтты. Бірақ антқа адал ақ халаттылар жан тыныштығын ойлап, қиындыққа жеңілген жоқ. Себебі әлемді дүрліктірген пандемия кезінде халықтың бар сенері дәрігерлер еді.

«2020 жылы облыстық көпбейінді балалар ауруханасындағы қабылдау бөліміне хирург-дәрігер болып орналастым. Сын сағатта уақытпен санаспай жаһанды жайлаған індетпен күресте аянып қалған жоқпыз. Оқыған білім, жинаған тәжірибемізді пайдаланып халыққа көмек көрсеттік», – дейді дәрігер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!