Бұл мереке ел арасында ресми тіркелмеген. Бірақ атаулы күн дүниежүзі бойынша дені сау баланың өмірге келуін қолдау мақсатында белгіленген. Осы орайда облыстағы ана мен баланың қазіргі жағдайын білуге тырыстық.  

Облыстық «Ана мен бала» орталығының есебіне сүйенсек, соңғы сегіз айда 8299 сәби дүние есігін ашқан. Бұл көрсеткіште қыз балаларға қарағанда (48,5 пайыз) ер бала саны басым (51,15 пайыз). Бір қуантарлығы, биыл 144 егіз сәби жас отбасыларға қуаныш сыйлаған. Ал шала дүниеге келген нәрестелердің жағдайын неонатолог дәрігер Айгүл Тоқпановадан сұрап білдік.

‒ Дәл қазір сәбилердің шала туылу көрсеткіші жоғары немесе төмен деп айта алмаймын. Бірақ 500 граммнан 1 килограммға дейінгі экстремальды аз салмақпен нәрестелер жиі дүниеге келуде. Бұл жағдайға жас аналардың денсаулығы тікелей әсер етеді. Әсіресе аяғы ауыр келіншек экстрагениталды патологиямен, яғни бүйрек ауруларымен, қан қысымымен, қаны аз жағдайда (анемия) босанса, бала шала туылады. Оған қоса жас отбасының әлеуметтік жағдайы, бала санының көп болуы, жиі босану да мәселенің басты факторы саналады.

Қазір орталықта шала туған сәбилерге арналған аппараттар саны жеткілікті, тіпті жаңа туған нәрестенің көзін тексеретін құрылғылар, УЗИ аппараттары да бар. Сол арқылы нәрестедегі ауруларды ерте анықтап, ота жасау қажет болған жағдайда медавиация көмегімен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына ауыстыру жолға қойылған. Шала туған шақалақтың салмақ қосып, әрі қарай жетілуі үйдегі ана күтіміне де тікелей байланысты. Аз салмақтағы сәбидің бәрі бірдей сауығып кетеді деп айта алмаймыз, олардың бір жасқа дейін шетінеп кету қауіпі жоғары,  ‒ дейді дәрігер.

Маман пікіріне сүйенсек, шала туған сәбилерде өкпе жеткіліксіздігі жиі кездеседі. Соңғы уақытта пандемия әсерінен аяғы ауыр жас аналар вирусты инфекцияны жұқтыру бойынша тіркелген. Бұл жағдай нәрестелердің туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келуіне  ықпал еткен. Сондықтан Айгүл Серікбекқызы сәби күткен әрбір ананың өз денсаулығына жіті мән беру керегін баса ескертті.

‒ Нәрестені аман-есен қолға алу үшін жүктілікті жоспарлау маңызды. Созылмалы аурулардың алдын алған дұрыс. Алғашқы үш айда құрсақтағы баланың ішкі ағзалары қалыптасады, мүмкіндігінше сол уақытта аяғы ауыр аналар ерекше күтінгені абзал, ‒ дейді ол.

Сәбилі болу ‒ әрбір жас отбасының арманы. Ал шаңыраққа шаттық сыйлайтын бақытты, дені сау бала ‒ ұлттың болашағы. Сондықтан әрбір ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін сезінуі бәрінен маңызды.

Гүлдана Жұмадинова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!