Орталық коммуникациялар қызметінде МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің көлемі мен қаржыландыруға қатысты брифинг өтті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Сәбит Ахметов МӘМС жүйесін іске асыру барысындағы нәтижемен бөлісіп, 1406 байланыс орталығының операторы ретіндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Сәбит Ахметов атап өткендей, МӘМС жүйесі енгізілгелі көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілді және олардың көлемі ұлғайды. Сонымен қатар күрделі операциялар мен жоғары дәлдіктегі диагностиканы күту ұзақтығын қысқарту мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.
Мысалы, кардиохирургиялық операцияларды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін, бағасы қымбат КТ, МРТ қызметтері 10 күнге дейін қысқарды.

Сонымен қатар, бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген операциялар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру операциялары МӘМС жүйесі аясында қолжетімді болды.

Жыл сайын МӘМС аясында көзге жасалатын операция саны артып келеді, оның ішінде катарактамен жүгінетіндер көп. Екі жыл ішінде қосымша 8 мыңға жуық адамға операция жасалды. Бұл көру қабілетін қалпына келтіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұндай операцияларды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін қысқарды. 

«Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ЭКҰ операциялары көпшілікке қолжетімді. Мысалы, құны 74 млн. теңгеден асатын кардиохирургиялық операцияны МӘМС аясында жасайды. Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын оталардың орташа құны  3 млн. теңге тұрады», – деді Қор басшысы.  

ПЭТ қызметтері де қолжетімді болды, яғни позитронды-эмиссиялық томография, бұл онкологиялық ауруларды диагностикалау сапасын және оларды емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттырады. (саны 2019 жылы 13 мыңнан 2022 жылы 21 мыңға дейін өсті).
Осы ретте Сәбит Ахметов атап өткендей, әлі күнге дейін медициналық сақтандырудың не екенін түсінбейтіндер бар. Оған Қордың 1406 Колл-орталығына жүгінетін азаматтардың өтініштері дәлел.

«Еліміздің әр жерінде не болып жатқанын, азаматтарымызды не мазалайтынын және олар қандай қиындықтарға тап болғанын тікелей білу үшін Қордың басшылық құрамы, оның өзім де аптасына бір рет байланыс орталығының операторлары ретінде бір сағат жұмыс істейміз. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар қызметкерлердің, жұмыс берушілердің жарналары мен аударымдары зейнетақы қорына ұқсас жинақтау жүйесі деп ойлайды. Нәтижесінде көптеген сұрақтар туындайды. Ақшамыз қайда кетіп жатыр дейді», – деп Қор басшысы оператор жұмысындағы әсерімен бөлісті. 

Ол МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделетінін түсіндірді. Азаматтардың барлық жарналары мен аударымдары Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі және сол жерден емделген жандарға көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеуге жіберіледі.

Спикер атап өткендей, қаржыландырудың 2,5 есе ұлғаюына қарамастан, медициналық қызмет көрсету саласында айтарлықтай жақсару байқалмады. Яғни, бөлінетін қаражат халықтың күткеніне сәйкес келмейді. Осы ретте азаматтар МӘМС жүйесі керек пе деген сауал қояды. Өз кезегінде Қор мемлекет денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындайтынын хабарлайды.

«МӘМС жүйесін енгізбес бұрын 10 жыл бойы білікті мамандар, сарапшылар еңбек етті. МӘМС-тің басты мақсаты – халықтың осал топтарын (балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы аналар және т.б.) қорғау. Қазір Қор проблемалық мәселелерді шешумен және жүйені дамытумен айналысудың орнына МӘМС-тің қажеттілігін дәлелдеумен айналысады», – деп атап өтті Сәбит Ахметов. 

Қор өз тарапынан халық арасында МӘМС-тің артықшылықтарын түсіндіру жұмысын күшейтуге, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін, МӘМС қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыратындарын айтты. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!