фото: baq.kz

Африканың 23 мемлекетінде холера індеті тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Африкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (АCDC) дерегінше, биылдың өзінде 205 мыңнан астам адам ауру жұқтырып, өлім-жітім деңгейі 2,1%-ға жеткен.

ACDC өкілі Нгаши Нгонгоның айтуынша, былтыр бұл көрсеткіш 1,9% болған.

Бұл – орташа есеп. Ал жағдай қолайсыз өңірлерде өлім-жітім әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, – деді ол.

Балалар – басты қауіп тобында

Тырысқақтан көз жұмуға әкелетін негізгі себеп – ағзаның қатты сусыздануы. Әдетте бұл аурудың құрбандары таза ауыз суға қол жеткізе алмайтын кедей және әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған тұрғындар болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мәліметінше, жаңбырлы маусым басталған Батыс және Орталық Африка аймақтарында 80 мыңнан астам бала тырысқақ жұқтыру қаупінде тұр. Нөсер мен су тасқыны кезінде әжетханалардан шыққан қалдық сулар құдықтарға және өзендерге араласып, халық тұтынатын ауыз суды ластайды.

Инфрақұрылым мен вакцина тапшылығы

ACDC өкілдері Африкадағы санитарлық инфрақұрылымға жеткіліксіз инвестиция салынуы да холераның кең таралуына әсер етіп отырғанын атап өтті. Мәселен, Оңтүстік Суданда – бұл індеттен ең қатты зардап шегіп отырған елдердің бірінде – халықтың тек 16%-ында ғана санитарлық жағдайға қолжетімділік бар. Ал Суданда таза ауыз суға қол жеткізе алатындар үлесі – 35%.

ACDC бас директоры Жан Касея африкалық елдер басшыларымен кездесуде құрлықта холераға қарсы вакцинамен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігін сынға алды. Оның айтуынша, жыл сайын 54 млн доза қажет, бірақ соның тек жартысын ғана алуға мүмкіндік бар.

Волонтерлердің жұмыс істеуі қауіпті саналатын аймақтарда жағдай одан әрі күрделі. Мұндай өңірлерге, мысалы, Конгоның шығыс бөлігі мен Судандағы қақтығыс аймақтары жатады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!