Фото: Heart Center Foundation қоғамдық қоры

2012 жылдың 8 тамызында Қазақстанда алғаш рет жүрек алмастыру отасы сәтті өткен болатын. Бүгін Астанада осы айтулы датаның құрметіне орай дәстүрлі қайырымдылық жарыс өтті, деп хабарлайды KAZINFORM.

«Жүрегімнің жеңімпазы». Ағза алмастыру медицинасының келешегіне бейжай қарамайтын астаналықтардың басын жарыс жолында қосқан шараның атауы бұл. Таңғы сағат 6.00-ге жоспарланған шараға жексенбінің тәтті ұйқысын қиып келгендердің саны төрт мыңнан асты. 

Трансплантация мәселесіне қоғам назарын аудару үшін ұйымдастырылған шараға Heart Center Foundation қоғамдық қоры мұрындық болып отыр. Бұл ұйым елдегі денсаулық сақтау саласында құрылған алғашқы эндаумент-қор болып есептеледі. Аты айтып тұрғандай, жүректің түрлі дертімен күреске бағытталған жобаларды қолдаумен айналысады. 

Жарысқа қатысушылардың ішінде трансплантацияның арқасында өмірін ұзартып, денсаулығын оңалтқан кешегі науқастарда, «кезегін» күтіп жүрген мұқтаждар да, медицина мамандары мен ағза донорлығының мәнін түсінетін қарапайым тұрғындар да болды. Жарыс қорытындысы бойынша мәреге жеткен қатысушының бәріне жеңімпаз медалі берілді.

ЭКСПО қалашығындағы «Нұр Әлем» сферасының айналасына жиналған 4 мыңнан астам адам концерт тамашалап, түрлі жәрмеңкеге қатысты. 

Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауровтың сөзінше, іс-шарадан түскен қаражаттың бәрі Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы бекіткен меморандум аясында іске асатын жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

«Өкінішке қарай, ағза алмастыру мәселесі жайында қажетті ақпаратты білетін адамдардың саны аз. Көбі оның қаншалықты маңызды екенін өз басына немесе жақындарына түскенше ойланып жатпайды. Біздің жыл сайын осындай шара өткізіп жүргендегі мақсатымыз – елдің назарын мәселеге көбірек аудару. 2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша елімізде 4099 адам ағза алмастыру парағында тұр. Оның ішінде 144 адам жүрек алмастыру отасын күтіп жүр. 2012 жылдан бері Қазақстанда 97 жүрек трансплантациясы жасалған. Осыдан-ақ ағза донорлығына қоғамның қаншалықты бейжай қарайтынын көруге болады. Алғаш осы фестивальді қолға алған кезде 30 шақты адам ғана келген шығар. Жыл сайын қатарымыз артып келеді. Былтыр 500 адам қатысса, биыл 4200 адам келіп отыр. Яғни, елдің назары там-тұмдап болса да, бұл мәселеге ауып келеді», – дейді ол.

Транспланттау қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың дерегіне сүйенсек, 10 мамырдағы жағдай бойынша елде 4099 адам ағза алмастыру отасын күту парағында тұр. 

Бүйрек алмастыру парағында: 3660 ересек, 85 бала.

Бауыр алмастыру парағында: 180 ересек, 10 бала.

Өкпе алмастыру парағында: ересектер – 15 ересек.

Жүрек алмастыру парағында: 138 ересек, 6 бала.

«Жүрек-өкпе» кешені парағында: 2 ересек, 3 бала.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!