Фото: stopfake.kz

Әлеуметтік желілерде тараған видеода пайдаланушы Apple сымсыз құлаққаптарынан шығатын электромагниттік сәулеленуді өлшейді. Роликтің астында AirPods миға теріс әсер етеді деп жазылған. Одан адамның басы жиі аурады екен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта Apple AirPods-тың миға зиянды әсер ететінін растайтын ғылыми дәлелдер жоқ. АҚШ-тың Федералды байланыс комиссиясы (FCC) сымсыз құлаққаптар өндіретін энергияның ең көп мөлшері қауіпсіз шектен 10 есе төмен екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол көптеген зерттеулерге сәйкес қауіпсіз деп саналатын деңгейден төмен.

Ұялы телефондар мен Bluetooth құлаққаптары радиожиілік энергиясы деп аталатын электромагниттік сәуле шығарады. Бұл энергия деңгейін ұлттық және халықаралық агенттіктер реттейді. Ол үшін адам ағзасының энергияны сіңіру жылдамдығы өлшенеді. Осылайша сіңірудің меншікті жылдамдығы –SAR есептеледі. Ол адам тініне сіңірілген ватт (Вт/кг) саны ретінде өлшенеді.

FCC белгілеген шек бар. Бұл 1 грамм тінге орта есеппен 1,6 Вт /кг артық емес. Электротехника және электроника инженерлері институтының стандарттарды үйлестіру комитеті (IEEE) және халықаралық электромагниттік қауіпсіздік комитеті (ICES) әсер етуді 10 грамм тінге орта есеппен 2 Вт/кг шегінде белгілеген. Иондаушы емес сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссия (ICNIRP) әріптестерімен келіседі. Олардың пікірінше, бас пен денеге арналған құрылғылардың қуаты орта есеппен 10 грамм тінге 2,0 Вт/кг аспауы керек.

Ұялы телефондарда да, құлаққаптарда да адаптивті қуатты басқару деп аталатын технология қолданылады. Ол құрылғы шығаратын қуатты реттейді.

Reuters халықаралық жаңалықтар агенттігінің сұрауы бойынша Apple барлық өнімдерді қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетініне көз жеткізу үшін мұқият тексеретінін хабарлады.

«AirPods және басқа Apple сымсыз құрылғылары радиожиіліктерге әсер етудің барлық қолданыстағы нормалары мен шектеулеріне сәйкес келеді. Сонымен қатар, AirPods және AirPods Pro қолданыстағы радиожиілік шегінен екі есе төмен», – дейді америкалық корпорация өкілдері Reuters-ке жолдаған электрондық хатта.

Apple сымсыз құлаққаптарының энергия сіңіруінің нақты көрсеткіштері FCC қойған талаптың максимумынан әлдеқайда төмен. Компания агенттікке ұсынған құжаттар бойынша үшінші буындағы сол және оң AirPods-тың энергия сіңіруінің ең жоғары үлестік коэффициенті, сәйкесінше, 0,134 және 0,068 Вт/кг.

Ғалымдар сымсыз құрылғыларды ұзақ уақыт пайдалану денсаулыққа қалай әсер ететініне ұдайы зерттеулер жүргізеді. Қолда бар деректер Airpods және басқа сымсыз құлаққаптардағы радиожиілік сәулелену деңгейлері адам ағзасына қауіпті емес екенін көрсетті. Демек, таралған ақпарат – фейк.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!