2020 жыл.  Сағат 00.00. Жылды алақайлап қарсы алған әлем жұрты 365 күнді алаңдап өткізетінін, әлбетте, білген жоқ. «Ухань қаласының Хуанань базарында тұрғындар түсініксіз пневмонияға шалдықты» деген жедел жаңалық дүниежүзінің түпкір-түпкіріне таралса да, адамзат баласы тықыр таянғанын сезіне қоймады. 22 қаңтар күні Қытайдың Ухань қаласы толықтай карантинге жабылды, артынша бұл тізімге  ХуанганЭчжоуЧиби және Чжицзян қалалары енді.

       Сол күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай комитеті індетке қатысты отырыс ұйымдастырды. Ал 23 қаңтарда ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус коронавирустың өршуі жайлы бір тоқтамға келмегенін ескертіп, халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланбайтынын айтты. Араға ай салмай-ақ ауа арқылы таралған  вирус Қытайды түгел қамтып,  Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия, Канада елдеріне жетіп үлгерді. Бірте-бірте коронавирус сөзі қорқынышты ұғымға айналып, дамыған елдердің өзі дағдарып қалды.  Сонда ғана ес жиған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 28 қаңтарда вирустың таралу қаупі өте жоғары деңгейде екенін мойындады.

Алаң да алаң, алаң жұрт...

Дүниені дүрліктірген вирустың пайда болуына себепші бір ғана болжам бар. Алғашында белгісіз кеселмен  балық базарына барған адамдар сырқаттанған, сондықтан тұрғындарға бұл ауру жануарлар арқылы жұқты деген дерек айтылды, алайда оның қандай жануар екені анықталмады. Себебі  базарда теңіз сүтқоректілерінен басқа, жарғанат, тауық, қоян, жылан және жануарлардың басқа да түрлері сатылған. Осы жануарлардың бірі ауру таратушы болуы мүмкін деп топшылады мамандар. Арада тағы бір ай өткенде дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын ғылыми түрде дәлелдеп, «сақтаныңдар» деп жанұшыра дабыл қақты. Бірақ бұл кезде өкпесі қабынып, қызуы көтерілген, тыныс алуы қиындап, аласұрған адамның саны сағат сайын көбейіп кетті.

Кеселдің аты, симтомы белгілі болғанмен, емі мен мутацияға бейімділігі анықталмаған соң әлемдегі әбігер басыла қоймады. Сол уақытта вирус екпіні Қазақстанға жете қоймаса да, халық арасында «біздің елге келе қоймайтын шығар» деген үміт пен «жұқтырып алсам қайтемін?» деген үрей арпалысып жатты. Телеарна мен БАҚ беттері қауіпті вирустың жедел жаңалығын үздіксіз жеткізді. Соның бірі ел басылымы «Егемен Қазақстанда» (№41 (29770) 28 ақпан, жұма 2020 жыл) жарияланған ҚазҰАУ профессоры Батырбек Айтжановтың «Коронавирус қалай тарайды?» атты елді елең еткізген мақаласы еді.

Алаң да алаң, алаң жұрт...

«Дəл қазіргі дүниені дүрліктірген коронавирус өте аз зерттелген вирустарға жатады. Ашылғанына да көп бола қойған жоқ, 1968 жылы ғана жеке топ ретінде бөлінді. Коронавирус дейтін себебі, ауру қоздырғышын электронды микроскоппен қарағанда вирустың антигендік құрылымы (нуклеокапсид) ортасы дөңгелектеніп келіп шет жақтарынан жан-жаққа қарай бұтақ тəрізді өсінділер тарайтындықтан оны коронаға (тəжге) ұқсатып коронавирустар деп атап кеткен. Коронавирустар негізінен тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін көп зақымдайды. Ауру көп жағдайда жеңіл өткенімен, оның кейбір штаммдарынан күрделі асқынулар пайда болады. Коронавирустар мутацияға өте бейім келеді, бір түрден екінші бір түрге жылдам өзгеріп, алғашқыда жануарларда, соңынан адамдарда, белгілі бір уақыттан кейін қайтадан жануарларда ауру тудырады.

Коронавирустар тұқымдасы 40 түрлі вирустан тұрады. Өткен ғасырда тіркелген коронавирустар жедел респираторлық вирустық инфекциялардың қоздырғышы ғана болып, аса қауіп тудыра қоймаған болатын. 2003 жылы коронавирустың ТОРС-СоV деген түрі əлемнің 33 елінде пневмонияның (өкпе қабынуының), кəдімгі пневмонияға тəн емес түрін таратып, одан 623 адам көз жұмды. Ғалымдар Уханьдағы 2019-nCoV коронавирусы мен өкпе қабынуының өте ауыр түрін қоздыратын ТОРС-СоV коронавирусының бір-біріне 70 пайыз ұқсас екенін анықтап отыр. Коронавирустар тарататын пневмония бактериялар тарататын пневмонияға қарағанда өте күрделі əрі жылдам өтеді. Мұндай жағдай ауруға жылдам диагноз қойып, емдік шаралар жүргізуді қиындатады.

Алаң да алаң, алаң жұрт...

Коронавирустың МЕРС-СоV деген түрі 2012 жылы Сауд Арабиясында індеттің өте ауыр респираторлы синдромын тудырып, одан 416 адам өлімге душар болды, бұл көрсеткіш ауруға шалдыққан адамдардың 35 пайызы болатын. Адамдар ауруды түйелерден жұқтырған. Қазіргі жаңа коронавирусты ғалымдар 2002 жылы Қытайда өкпе қабынуының өте ауыр, кəдімгі өкпе қабынуына ұқсамайтын түрінен эпидемия тудырған SARS коронавирусына ұқсатып отыр.

      Аурудың біліне қоймайтын инкубация кезеңі өте қысқа 6-14 күн аралығында, ал ауру адамнан адамға жұғатын болса, тіпті қысқа болып 5-6 күннен ары аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үлгермейтіндіктен, аталған індетке диагноз қою қиындық тудырады. Сондықтан емдеу шаралары кеш басталып, көп жағдайда нəтижесіз аяқталады. Коронавирусты індеттің клиникалық белгілері жедел респираторлық вирусты аурулардың белгілеріне өте ұқсас келетіндіктен дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік бермейді» делінген мақалада. Білікті маман вирустың өткені мен бүгінін түгел баяндап, қауіпті жағдайды барынша анық түсіндірсе де, тұрғындар бастапқыда бұл жағдайды «саяси соғысқа» балады. Ел ішінде сақтықтан бұрын дақпырттың салмағы ауыр түсіп, Қазақстанда  алғаш рет 13 наурыз күні коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді. Қалыпты медициналық емге бой бермеген бес айда 58 253 тұрғын вирус жұқтырып,  375 адам көз жұмды. Елдегі күрделі ахуал кезеңінде коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алу үшін Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. 2020 жылдың алдында ұшақ апатына байланысты жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күнінен кейін жарты жылда қайталанған бұл ауыр жағдай өзге мемлекеттерде де жарияланды.   

Арада өткен он айда бұл көрсеткіш 152 460 адамға артып, ел арасындағы эпидемиологиялық ахуалдың ушыққанын көз көрді. Дәрігерлердің дамылсыз еңбегі, бетперде тапшылығы, жасанды оттегі аппаратының жоқтығы, жұмыссыздар санының көбеюі, жалпы жүйенің онлайн форматқа көшуі, ел экономикасының тұрақсыздығы сын сағатта халықтың сабырын тауысты. Осылайша вакцинасы жоқ вирус жас мемлекеттің олқы тұсы мен саладағы кемшіліктерін оп-оңай анықтап берді. Бүгінде бәрі оңалып кетті демегенмен, бастапқыдай емес, жағдай біршама қалыпқа келді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, дәріханада керекті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ауруханаларда да науқастар үшін орын дайын. Алайда өткен тәулікте ел бойынша 733 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Әзірге елдегі ахуал осы.

Мутацияланған вирустың жылдамдығы жоғары

Ал әлемде қауіпті вирус анықталғандар саны қазір 80 миллионнан асты. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметінше, вирустың таралуы бойынша АҚШ (19 миллион), Үндістан (10 миллион), Бразилия алдыңғы орында тұр. Індет ошағы саналған Италияда соңғы бір аптада вирусты жұқтырушылар саны күрт артқан. Енді жаһандағы онсызда мәз емес жағдайды коронавирустың жаңа мутациясы ушықтыратын түрі бар. Осыған дейін мамандар вирус мутациясы күтпеген жағдайда өтуі мүмкін екенін болжаған. Ғалымдардың күні бұрын айтқан ақпараты желтоқсан айының ортасында расқа шығып, Ұлыбританияда SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа мутациясы анықталды. Ол әдеттегіден 70%-ке жұқпалы болуы мүмкін дейді зерттеушілер. Сондықтан ЕО-ға мүше елдің бәрі Ұлыбританиямен әуе қатынасын уақытша тоқтатты. Коронавирустың жаңа штамы қазір Еуропамен қоса әлемнің сегіз елінде тіркелді. Статистикалық мәліметке назар салсақ, Египет Африкадағы коронавирустың жаңа штамының негізгі таралу ошағына айналуы мүмкін. Аналитиктер Мысыр курорттарына туристердің есепсіз келуі тоқтамаса жаңа штамм Африка құрлығында тез таралуы ғажап емес дегенді айтады. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, белгісіз инфекция көп жағдайда балаларға жұғады, әсіресе 15 жасқа дейінгі жеткіншектердің ауырып қалу қаупі жоғары.

Өкінішке қарай, жайсыз хабар кәрі құрлықпен ғана шектелмеді. Малайзияның Денсаулық сақтау министрі Нұр Хишам Абдулла өткен аптада Сабах штатынан алынған 60 талдамадан COVID-19-дың жаңа модификациясы табылғанын, оны A701V деп таңбалағанын жеткізді. Ал Оңтүстік Африкадан Еуропаға жеткен штаммға  B1.351  немесе  501Y.V2 деген атау берілген. Вирустың мутацияға ұшыраған бұл түрі алғаш рет Нельсон Мандела атындағы шығанақта жүргізілген талдама барысында қазан айында анықталған екен. Бүгінде британдық ғалымдармен қатар Оңтүстік Африка зерттеушілері де жаңа вирус түрінің қаншалықты жылдам тарайтынын, адам ағзасына әсерін зерттеуде.

Әзірге  ғалымдар жаңа штаммдар туралы толықтай тұжырымға келген жоқ, тіпті олардың вакцинаға ықпалы қандай болатыны да белгісіз. Баса назар аударатын бір жайт,  вирустың таралу  жылдамдағы жоғары болғанмен, оның адам ағзасына әсері бұрынғыдан бәсеңдеу болуы мүмкін деген болжам бар. Айта кетейік, жаңа штамм түрінен көз жұму фактілері әлі тіркелмеген.


Біз күткен вакцина қайсы?

        Бүгінде қауіпті вирустан қалжыраған жаһан жұртшылығының бар үміті  нарыққа шығатын вакцинада екені белгілі. Бір жылға жуық уақыт тағатсыздана күттірген вакциналардың нәтижесі қандай болары белгісіз, бірақ әлемдегі бірқатар мемлекет жаппай вакцинациялауды бастап кетті. Осыған дейін елімізде отандық QazCovid-in вакцинасымен қатар, Ресейдің «Спутник V» екпесі өндіріліп жатқанын айттық. Әзірге белгілісі, отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады және вакцина шығаратын биофармацевтика зауыты да сол уақытта беріледі. Бірінші кезекте вакцина ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурумен ауыратын топтағы адамдарға салынады.

      Екпе дайындау мәселесіне келгенде әлемдегі елдердің жағдайы ұқсас, вакцинаның бірнеше түрі нарыққа шығарылса да, нәтижені ешкім тап басып айта алмайды. Бүгінде Қытайда Sinopharm Sinovac Biotech Ltd компаниясының вакцинасы, АҚШ-та «Пфайзер» мен «Байонтек» компаниясы бірлесіп жасаған екпесі,  «Модерна» компаниясының вакцинасы егілуде.  

      Қазір аймақта да вакцинациялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың мәлімдеуінше, аймаққа келер жылдың наурыз айынан бастап вакцинаның 80 мың дозасы кезең-кезеңімен әкелініп, егу жұмыстары басталады. Әзірге вакцинаны сақтайтын арнайы контейнерлердің саны нақтылануда.

       P.S. Коронавирус ұғымы қоғамда алғаш сөз болғалы бері біздің басылым осы тақырыпта маңызды материалдар ұсынып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Газеттің 14 наурыздағы нөмірінен бастап (№10 (339) мамандар кеңесі, әлемдік сарапшылар пікірі, медицина жаңалықтары үзбей берілуде. Енді Тышқан жылын еске түсіргенде ел күнтізбесімен қатар газет жылнамасында  коронавирус атауы жиі қайталанары анық. Лайым, жаңа Сиыр жылында оқырманды жағымды жаңалықпен сүйіншілеп, ел күткен ақпаратпен қуантуды жазсын! 

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!