Медицина саласында қызмет етсем деген бала арманы оны алға жетеледі. Солай мектеп бітірген соң Қызылорда мемлекеттік медициналық колледжіне оқуға түсіп, емдеу ісі мамандығын меңгерді. Бүгінде облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасының фельдшері Айжан Жақсылықова өз ісінің маманы.
Кейіпкеріміз медицина саласының мән-жайын бала кезден біледі деуге болады. Өйткені ата-анасы да осы салада талай жыл еңбек етіп, ел алғысына бөленіп, зейнетке шыққан жандар. Отбасында өзі және әпкесі олардың ізін қуып, қиындығы мол саланың тізгінін ұстады.
– Денсаулық сақтау саласында еңбек ететін әрбір адамның мойнында үлкен жауапкершілік бар. Соның ішінде бізге артылған жүктің де салмағы басым. Күнделікті көмек сұраған науқастың жүрегіне жол табу, құрметпен қарау, жанашырлық таныту сала маманының негізгі қасиеті болуы тиіс. Одан бөлек, жұртшылық біле бермейтін түрлі жүктеме мен міндеттер бар. Сол үшін барлық әріптестерімді мамандығын шын сүйетін жандар деп айтар едім. Өзім бұл саланың тыныс-тіршілігімен 2008 жылдан бастап таныспын. Жылдар бойы сүйікті ісімнің қыр-сырын ұғындым. Биыл бұл салада жүргеніме 15 жыл толады. Осы уақыт ішінде әрбір пациенттің тілін табудың қыр-сырын үйрендім. Оларға айтқан жақсы сөзің жанына жылулық сыйлайды. Бір сәтке ауруын ұмытып, саған алғыс жаудырғанда ақ халаттылар үшін одан артық ештеңе жоқ, – дейді Айжан Сейітқалиқызы бізбен әңгімесінде.
Расымен, дертіне шипа іздеген қысылтаяң шақта дәрігерден бұрын арқа сүйерің осы жандар. Қолынан келер көмегін аямай дәрігер мен науқас арасында дәнекер болып жүретін олар құрметке лайық.
Біздің кейіпкеріміз тыңғылықты ісімен, жауапкершілігі­мен өз ортасына танылған жан. Алғашқы еңбек жолын Сырдария аудандық ауруханасының жансақтау бөлі­мінде бастаған. 2011 жылдан бастап қалалық жедел-жәрдем бөлімінде фельдшер қызметін атқарады. Ұжым­ның оң имиджін қалыптастыруда қоғам алдындағы жауап­кершілігін толық түсіне білген оның еңбегі елеусіз емес.

А.ӘЛІМ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!