Алматы облысында құрылыс алаңында сүрініп құлаған жұмысшының бір аяғы бетон араластырғышта қалып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 сәуірде сағат 16:52-де Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне құрылыс алаңында адамның аяғы қысылып қалғаны туралы Алматы облысы ТЖД-дан хабарлама келіп түсті.  Құмды тиеу жұмыстары кезінде 35 жастағы жұмысшы сүрініп кетіп, салдарынан оң аяғы бетон араластырғышта қысылып қалған.

Республикалық жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушыдан құрылған  жедел тобы мен Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушысы  дереу оқиға орнына барды. Оқыс оқиға Іле ауданындағы Гейт Сити ықшам ауданында болған. Оқиға орнына келгеннен кейін ТЖМ құтқарушылары болгарканың көмегімен зардап шеккен ер адамның қысылған аяғын босатты, аяғы сынып кеткен екен. Құтқарушылар шок алған ер адамды  жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

Жедел жәрдем бригадасы зардап шегушіні бірден ауруханаға алып кетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!