Фото: Halyq Uni

Алматыда балалар жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырып жатыр. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде қалада ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Өткен аптада 9 890 ЖРВИ дерегі тіркелді… Бүгінде сырқаттанушылардың 60%-ы балалар, 6 мыңнан аса дерек. Биыл 7 айда ЖРВИ-мен аурудың 447 мың дерегі тіркелді. Өткен эпидемиологиялық маусымда тұмаумен аурудың 232 дерегі анықталды. Қаладағы емханалар, стационаларға келген науқастарды тексеру барысында олардың тұмау жұқтырғаны зертханалық деңгейде расталды, – деді Әсел Қалықова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ ол дәрігерлер медициналық ұйымдарда маска тағып жүру керегін еске салды.

Бүгінде Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2024 жылғы 16 тамыздағы №7 Қаулысына сәйкес эпидемиологиялық маусым алдында профилактикалық іс-шараларды жүргізу басталды. Оған сәйкес, 16 тамыздан бастап барлық медициналық ұйымда маскалық режим енгізіледі. Бұл талап тек медициналық ұйымдарға қатысты, – деді орынбасары.

Сондай-ақ биыл 15 қыркүйектен бастап медицина қызметкерлер, емханада диспансерлік есепте тұрған созылмалы ауруы бар адамдар, балалар мен әлеуметтік қызметті алушылар, зейнеткерлер, жүкті әйелдерге тұмауға қарсы вакцина салынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!