Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Лаура Мырзағали онлайн брифингте «вакцинадан көз жұмды» делінген екі адам туралы айтты деп хабарлайды zakon.kz.
Лаура Мырзағалидың сөзінше, ол адамдардың нақты неден қайтыс болғаны әлі белгісіз. Сондықтан марқұмдардың өліміне вакцина әсер етті деп айтуға әлі ерте. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеп- тексеру жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. «Қорытынды осы жылдың маусым айында дайын болуы керек. Сол кезде себебін айтатын боламыз», – деді ол. Марқұмдардың бірі – 1979 жылы туған Алматы қаласының тұрғыны Бақытжан Нұртазин, екіншісі – Алматы перзентханасының қызметкері. Еске сала кетсек, осыған дейін әлеуметтік желіде «Алматы қаласының тұрғыны вакцинадан соң көз жұмды» деген ақпарат тараған болатын.
Марқұм биыл 12 сәуір күні емханаға коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алу үшін жүгінген. Екпе хаттамаға сәйкес өткен. Екпеден кейін 1979 жылы туған ер адам 30 минут бойы бақылауда болған, ешқандай шағым жасамаған. 21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алған. «Дәрігердің қарауы кезінде жағдайы қанағаттанарлық болған, екпе процедурасынан кейін 30 минут бақылауда болып, Бақытжан Нұртазин үйіне кеткен. Жағдайы үйінде нашарлаған. Жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған», – дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы. Алдын ала болжамға сәйкес, ол жедел жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен көз жұмған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!