Ана сүті – жаңадан туған нәресте үшін ешбір өніммен теңдестірілмейтін, табиғи жолмен берілетін ең құнды тағам. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) алғашқы 6 айда тек ана сүтімен қоректендіруді, ал 2 жасқа дейін емшек емізуді жалғастыруды ұсынады. Себебі ана сүтінің құрамы баланың жасына, қажеттілігіне қарай өзгеріп, әр кезеңде ең қолайлы қоректік заттарды ұсынады.
Ана сүтінің басқа тағамдардан басты айырмашылығы – оның «тірі», өзгермейтін күрделі биологиялық құрылымында.
Ана сүтінің құрамы тәуліктің уақытына, ананың тамақтануына, баланың жасына байланысты өзгеріп, әр кезеңде ең пайдалы болып тұрады.
Ана сүті – нәрестенің алғашқы «вакцинасы». Ондағы IgA, IgG, IgM сияқты антиденелер баланы тыныс жолы инфекцияларынан, ішек ауруларынан, вирустық және бактериалдық инфекциялардан қорғайды. Ана сүтімен қоректенген балаларда құлақ қабынуы, тұмау, пневмония, іш өту жағдайлары 2–3 есе аз кездеседі.
Ана сүтіндегі пайдалы май қышқылдары – ми жасушаларының құрылыс материалы. Зерттеулер көрсеткендей, емшек емген балалардың IQ көрсеткіші жоғары, тіл үйрену, есте сақтау қабілеті жақсы дамиды және нейрондардың байланысы жылдам қалыптасады.
Ана сүті нәрестенің әлсіз ас қорыту жүйесіне дәл бейімделген: іш қатуды азайтады, коликтің алдын алады, аллергия қаупін төмендетеді, ішек микробиомын дұрыс қалыптастырады.
Ұзақ мерзімді ғылыми зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ана сүтімен қоректенген балаларда семіздік қаупі, диабет (1 және 2 тип), астма, аллергия, қан қысымының жоғары болуы өте сирек болады. Бұл ана сүтінің метаболизмді реттейтін биологиялық белсенді заттарына байланысты.
Емшекпен емізу тек балаға ғана емес, анаға да пайдалы: босанудан кейінгі жатырдың тез жиырылуына көмектеседі, қан кету қаупін азайтады, артық салмақтың табиғи жолмен кетуіне ықпал етеді, сүт безі және аналық без қатерлі ісігі қаупін төмендетеді және эмоциялық күйді тұрақтандырады (окситоциннің бөлінуі).
Емізу кезінде ана мен бала арасында ерекше психологиялық байланыс қалыптасады. Бала өзін қауіпсіз сезінеді, анасы мен баласының эмоционалды үйлесімділігі күшейеді.
Ана сүті – нәресте үшін ең табиғи, ең толық, ең қорғанышты тағам. Оның пайдасы бала денсаулығына ғана емес, ана денсаулығына да ұзақ мерзімді оң әсер береді. Сондықтан ана сүтімен қоректендіру – баланың өмір бойғы денсаулығының берік іргетасы.
Жанна НҰРБЕРГЕН, Астана медицина университеті академик Е.Д.Дәленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Калмакова Жанар Амангелдиқызы гигиенист-дәрігер, нутрициолог, Қызылорда жоғары медициналық колледжінің директоры
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
