Сәбидің ана сүтін емуінің маңызы зор

Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – анасының сүті. Ана сүті өмірге жана келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Ана сүтін беру интеллектуальды және эмоциональды дамудың жақсы негізін қалайды. Ал ана сүтін ембеген бала, көп жағдайларда, аурушаң болып өседі.

Сәби мұрнында сүт иісін тез сезетін қасиеті дамыған. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды. Тіпті, туылғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені, уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Бұл – оның ғажайыптығы. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы.

Ана сүтінің ерекшеліктері мен ондағы дәрумендер

Ешқашан бірдей екі ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Өйткені, олардың құрамы, майлылығы баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде өзгеріп отырады. Ана сүті мынадай тиім-ділігімен ерекшеленеді: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді; оны еш жерден сатып алмайсыз; ол тек сіздің балаңызға ғана арналған. Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Мысалы, сиыр сүтіне қарағанда емшек сүтінде балаға ең керекті А, Е, Д дәрумендері (витаминдер) көп. Ана сүтінің құрамына мыналар кіреді: белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмірсутектер, үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец). Емшек сүтінде арнайы ферменттердің және оның қалыптасқан құрамының болуы,  баланың тамақтануы кезінде ас  қорытудың ешқандай бұзылуын туғызбайды. Ол баланың ішектерінде патогенді бактериялардың таралуына кедергі қойып, пайдалы микроорганизмдердің қоныстануына жағдай жасайды. Ұзақ уақыт емшек емген балалардың, болашақта гипертониялық аурулармен атеросклерозбен, қант диабетімен де сирек ауыратыны белгілі жайт. Ана сүті ми тканьдарының дамуын камтамассыз ететін және қалыпты интеллект қалыптастыратын май қышқылдарына қанықпаған тауринге (аминоқышқыл) бай келеді.

Емізудің ана мен балаға пайдасы

Емшек еметің балалардың ізгі ниетті, көпшіл, анасымен тығыз байланыста болатындығы байқалады. Емізу әйелдің денсаулығына да оң әсер береді, маститтің, сүт бездері мен аналық без ісіктерінің болу мүмкіндігін азайтады.

Психологтардың айтуынша, емізу кезінде шешесінің бар жан-тәнімен сәбиді көкірегіне қысуы, аймалауы, бөбектеуі, сөйлеуі, еміренуі, мейірленуі, маңдайынан иіскеуі, сылап-сипап, еркелетуі арқылы бала мен ана арасындағы ұзақ жылдарға жалғасатын өзара сүйіспеншілік, махаббат, қимастық сезімдері қалыптасады, баланың физикалық, әлеуметтік, психологиялық, рухани жан дүниесі толысады. Ал, сүт қоспаларымен қоректендіруде бұндай жылы сезімдердің болмасы анық. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, адамға жұғымды болып өседі. Ал, ана сүтін ембей өскен балаларда жасөспірім шақта қатігездік, қылмысқа бейімдік көп байқалған. Емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді. Сәбидің тәтті ұйқыға кетуі сүт құрамындағы белок арқылы жүзеге асады. Баланың борпылдатып емуі ананың денесін жұмсартып, еміренуін арттырады, шаршағанын басады. Баламен қатар ананың жүйке жүйесіне де емізудің пайдасы зор.

Ана мен бала орталығының неонатолог-дәрігерлері:

 Ибраева Э.Ж.

 Макашева Г.Б.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!