Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырғандар саны артты. Науқастардың бірі ауыр жағдайда жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенованың мәліметінше, соңғы деректер бойынша Ақмола облысында сібір жарасының зертханалық расталған 8 жағдайы тіркелген.

«Науқастар тиісті ем қабылдап жатыр, олардың бірінің жағдайы тұрақты ауыр, Көкшетаудағы Жұқпалы аурулар орталығында стационарлық ем алып жатыр. Сібір жарасының зертханалық расталған жағдайлары арасында медицина қызметкерлері тіркелмеген», – делінген Бейсенованың қолы қойылған комитет жауабында.

Ведомство мәліметінше, ауру ошағында толық көлемде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілген. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.

«Биылғы алты айда республика бойынша сібір жарасының 14 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде Ақмола облысы бойынша – 8 жағдай. Сібір жарасынан қайтыс болғандар тіркелген жоқ», – деді комитет өкілі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!