Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудан тұрғындарына құттықтауын жеткізді.
«Биыл ел тәуелсіздігінің берік тұғыры, демократиялық құндылықтарымыздың негізі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды.
Бүгін міне, мереке қарсаңында Өздеріңізбен бірге жерлестеріміздің, балаларымыздың игілігіне қызмет ететін жаңа нысанды ашамыз.
Қазіргі таңда ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен тұрғындар денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына
441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.
Медициналық құрал-жабдықтармен жыл сайын қамтамасыз етудің арқасында жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артты.
Жергілікті бюджеттен 5 млрд. 400 млн. теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік бір мезетте алынып, елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелеріне табысталды.
Арал ауданына 25 автокөлік бөлініп, олар шалғайдағы Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Қарашалаң ауылдары тұрғындарының игілігіне айналды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Осылайша, елді мекендерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру мәселесі ұдайы назарымызда.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бағыттады. Бұл қаржыға сирек кездесетін дертке шалдыққан жерлестерімізге қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды.
Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады.
Өздеріңізге белгілі, бүгінге дейін Аралда типтік ғимараттағы аудандық емхана мәселесі шешімін таппай келген. Әр келген сайын осындағы ағайын бұл мәселені қайта-қайта көтеретін. Сіздердің өтініштеріңізбен жаңа емхана салу жөнінде шешім қабылдадық. Облыстық бюджеттен 22 млн теңге бөлініп, ауысымына 250 келушіге арналған емхана салу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құны 6 млрд 600 млн теңге, жалпы көлемі 8 600 шаршы метр болады.
Емхана құрылысын Арнаулы мемлекеттік қордан қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бүгін ел игілігіне табысталатын жаңа орталық, ондағы дәрігерлер елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңіліне рауан беріп, халық алғысына бөленеді деп сенеміз», – деді Н. Нәлібаев.
Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 28 медициналық нысан салынды. Арал ауданында Тоқабай, Бөген, Қызылжар дәрігерлік амбулаториялары және Көктем ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді.
Ұлттық жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған көпбейінді аудандық ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар, Арал, Шиелі аудандық ауруханалары жанынан жұқпалы аурулар бөлімшелері салынуда.
Жақын күндері Шиелі ауданындағы жұқпалы аурулар бөлімшесі мен аудандық аурухананың қосымша құрылысы пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысан жыл соңына дейін табысталады.
Жыл басында Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға арналған аурухана ашылды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Баймұрат батыр елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Досан елді мекенінде медициналық бекет іске қосылды.
Осылайша ауылдардағы медициналық- санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының ғимараттарын нормативке сәйкестендіру мәселесі толығымен шешілді. Қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейген жаңа «Қан орталығы» жұмыс атқаруда.
Қызылорда қаласында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде.
Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Өткен жылдан бері 17 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, 44 ғимараттың жылу жүйесі газға ауыстырылды. Биыл 7 млрд. 600 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!