Арықтағаннан кейін ескі әдеттерге қайта оралу ағзаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Лестер университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу (Diabetes, Obesity and Metabolism (DOM) журналында жарияланған) нәтижесіне сүйенсек, денсаулыққа пайдалы өмір салтынан бас тарту бұлшықет массасының жоғалуына және артық майдың қайта жиналуына әкеп соқтырады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Арықтағаннан кейін қайта салмақ қосу шынымен де қауіпті ме?

Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижелері салмақ тастағаннан кейін қайтадан артық салмақ қосу ағзаға зиян тигізетінін дәлелдейді.

Экспериментке 622 адам қатысқан. Олар арықтау және қант диабетінің алдын алу бағдарламаларына қатысып, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстанды. Зерттеушілер олардың дене пішімін өлшеп, бағдарламадан бір жыл өткен соң қайта тексерген.

Нәтижелер:

  • Зиянды әдеттерге оралғандар бұрынғы салмағын қайта жинап, бұлшықеттерін жоғалтты;
  • Бұлшықет массасы арықтағанға дейінгі деңгейден де төмендеді, бұл ағзаның жалпы жағдайын нашарлатты;
  • Май тіндері қайта қалыптасып, денсаулыққа қауіп төндірді.

Арықтағаннан кейін салмақтың қайта қосылуы бұлшықеттердің әлсіреуіне, зат алмасудың баяулауына және май тіндерінің көбеюіне әкеледі, бұл жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетінің қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан дұрыс тамақтану мен белсенділікті өмір бойы сақтау маңызды.

Неліктен салмақ қайта жиналады?

Ғалымдардың айтуынша, ағза табиғи түрде май қорын жинақтауға бейім, себебі бұл стресс жағдайларында өмір сүру механизмі ретінде жұмыс істейді. Ал бұлшықеттер, керісінше, энергияны көп тұтынатын құрылым болғандықтан, пайдаланылмаған жағдайда ағза олардан құтылуға тырысады.

Салмақтың қайта жиналуының негізгі себептері:

  • Майдың жиналуы. Бұл – ағзаның энергия қорын сақтау үшін табиғи процесі. Стрестік жағдайлар мен тамақтану тәртібінің өзгеруі май қабаттарының ұлғаюына ықпал етеді.
  • Ресурстарды оңтайландыру. Егер адам физикалық белсенділікті азайтса, ағза «қажетсіз» бұлшықеттерден құтылып, энергияны үнемдейді. Бұлшықеттердің азаюы зат алмасудың баяулауына әкеп соқтырады.
  • Метаболизмнің төмендеуі. Қатаң диеталар мен шамадан тыс физикалық жүктемелер ағзаға стресс туғызады. Стрестен кейін ағза «қауіпсіз режимге» ауысып, бұрынғы салмақты қайта қалпына келтіруге тырысады.

Жағымсыз салдардың алдын алу жолдары

Арықтағаннан кейінгі нәтижені сақтау және денсаулықты қорғау үшін бірнеше негізгі қағидаларды ұстану маңызды:

  • Физикалық белсенділіктен толық бас тартпаңыз – тіпті шаршаған жағдайда да, бұлшықет массасын сақтау үшін орташа қарқынды жаттығулар жасау жеткілікті.
  • Теңгерімді тамақтануды ұстаныңыз – ағзаға қажетті барлық қоректік затты қамтамасыз ететін дұрыс тамақтану режимін сақтаңыз.
  • Күнделікті белсенділік деңгейін сақтаңыз – ұзақ серуендеп, жеңіл физикалық жүктемелерді күнделікті өміріңізге қосыңыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!