Алтын балық бар десем, сенесіз бе? Онда неге бітіміңді өзгертіп, қыпша белге айналдырамыз деген жарнамаға бірден елең етеміз?
Иә, әсіресе салмақ мәселесінде ғажайыпқа сенгіміз келеді. Таразыдағы сан мазаны алған сәтте адам арықтаудың жеңіл жолын іздейді. Дегенмен лезде артық салмақ тастауға көмектесетін түрлі препарат пен екпе, ақылға қонбайтын диета көбейгенімен, олардың салдары туралы ойлап көрдік пе?
Ендеше дұрыс арықтау деген не? Бір айда қанша келі салмақ тастаған қауіпсіз? Қарастырайық.
Әлемде ересектердің шамамен 16%-ында артық салмақ бар. Диетологтар бүгінде адамның қозғалысы азайғанын, дене белсенділігінің төмендегенін жиі айтады. Әрі фастфуд, қант пен майға бай тағамдардың қолжетімділігі артқан. Оған қоса, газдалған сусын мен тәттіні шамадан тыс тұтыну да семіздікке әкеледі. Үшіншіден, психологиялық факторлар да ескерусіз қалмау керек. Қазір күйзеліс, уайым, және эмоциялық тұрақсыздық жиі кездеседі. Мұндай жағдайда стрессті тамақпен басатын тәсіл де бар. Ол әрине, артық салмақ жинауға әкеледі.
Әлқиссада «бір айда – 20 келі», «сымбатты мүсін» деп іліп әкететіндер жайлы айтып қалдық қой… Иә, жалпы мұндай көрсеткішке жетуге болатынын жоққа шығармаймыз. Бірақ көлеңкеде тасалап тұрған бір әттеген-ай бар екенін ескерген жөн.
Эндокринолог-дәрігер Бибінұр Кетебаевамен осы мәселе төңірегінде сұхбаттасып, сауалға жауап алдық. Маманның айтуынша, салмақ тастауға байланысты бірыңғай бекітілген стандарт жоқ. Әр ағзаның физиологиялық ерекшелігі, бастапқы салмағы, жас мөлшері, созылмалы аурулары әртүрлі. Сондықтан жылдам нәтиже қуалау − ең үлкен қателіктің бірі.
− Салмақты азайту процесі біршама уақытты талап етеді. Жылына орта есеппен 3-7 келі көлемінде төмендету ағзаға зиян келтірмейді, ал қысқа мерзімде 20-30 келіге дейін арықтау үлкен стресс екенін ескерген жөн. Сондықтан салмақты ақырындап азайту қажет, − дейді дәрігер.
Ал қысқа уақытта күрт арықтау гормондық жүйеге әсер етеді. Кортизол деңгейі жоғарылауы мүмкін. Қалқанша безінің жұмысы баяулайды. Қатаң диета электролит теңгерімін бұзып, калий мен натрий тапшылығына соқтыруы ықтимал. Ал бұл жүрек ырғағының бұзылуына, бас айналу мен әлсіздіктің бір себебі болмақ. Қан қысымының тұрақсыздығы, өт қабында тас түзілу қаупі де артады. Кей жағдайда салмақ жылдам түскенімен, кейін екі еселеніп қайта қосылуы да мүмкін. Тағы бір назар аударар жайт − тері мен сыртқы келбет. Салмақ тез азайған соң тері салбырап, шаш түседі.
Дәрігер препарат арқылы арықтау мәселесіне де сақ қарау керек екенін ескертті.
− Бүгінде «арықтататын» деп ұсынылатын препараттың түрі де, атауы да көп. Алайда оларды қауіпсіз деп айта алмаймын. Мұндай дәрілердің құрамында орталық жүйке жүйесіне әсер ететін компоненттер болады. Таблетканы қабылдағанннан кейін адам өзін ерекше сергек сезінуі мүмкін. Мысалы энергиясы артады, тәбеті төмендейді, тершеңдік байқалады, көңіл күйі көтеріледі. Алайда ұйқының бұзылуы, жүрек қағысының жиілеуі, қан қысымының тұрақсыздануы да қатар жүреді. Бұл препараттар ағзаның табиғи жұмыс ырғағын жасанды түрде жылдамдатады. Яғни зат алмасу үдерісі күшейіп, ағза қалыпты режимнен тыс жұмыс істей бастайды. Мысалы ағза 100%-дың орнына 1000% жұмыс істейді. Осы арқылы адам арықтайды. Бірақ мұндай жүктеме бауырға, жүрек-қантамыр жүйесіне және орталық жүйке жүйесіне кері әсер етеді, − деп түсіндірді маман.
Мolecule Plus препаратын қабылдаған отыз жастағы маңғыстаулық келіншектің өлім аузынан аман қалғаны естеріңізде болар. «Дәрінің салдары жүрекке әсер етті деген тұжырымға келдік. Себебі арықтатуға арналған дәрінің құрамында «сибутрамин» деген зиянды зат бар. Бұл дәрі жүрек-қан тамыр жүйесінің әлсіздігіне алып келеді. Науқастың қан қысымы қалыпқа келмеген соң жедел түрде жасанды жүрек-өкпе құрылғысына қостық. Осылайша, жүрекке қосымша сүйемелдеу арқылы көмек беріп, қан қысымын 70-ке дейін көтердік», − деп пікір білдірген еді кардиохирург.
Ал 25 жастағы қала тұрғыны «TikTok» арқылы кофеге тапсырыс беріп, арықтау үшін ішкенін айтты.
− Жаңа жыл қарсаңында салмағым күрт өсті. Фитнеске бару керек деп жүргенімде, әлеуметтік желіден арықтататын ұнтақтың жарнамасын көрдім. Өзі кофе секілді, суға араластырып ішесің. Қызыға кетіп, бірден тапсырыс бердім. Алғашқы аптада, расымен, салмағым азайып, өзімді жеңіл сезініп жүрдім. Бірақ… 3 аптаның ішінде денсаулығым кенет сыр бере бастады. Соңында жағдайым нашарлап, ақылы емханада ем алдым. Өзім-ақ ауруды «TikTok»-тан сатып алдым, − деп күрсінді ол.
Мұнан бөлек қазір арықтататын иньекциялар да кең талқыланып жүр. Бірақ олардың деннің саулығынан гөрі, бизнеске жақын екені қынжылтады. Себебі олардан кейін де ағза стресс алып, аурулар пайда болады.
КҮЙЗЕЛІС САЛМАҚ ҚОСУҒА СЕБЕП ПЕ?
«Стресстен кейін семіріп кеттім». Қазір осындайды жиі естиміз. Иә, салмақ жинауға психологиялық факторлар да әсер ететінін айттық. Бірақ барлығы бірдей семірмейді, керісінше жүдейтіндер де бар. Сонда бұл процесс қалай жүреді?
Эндокринолог-дәрігер Бибінұр Кетебаева салмақ пен стресстің арасын түсіндіру үшін «Жалпы стресс әр адамда әртүрлі өтеді. Оған генетикалық ерекшеліктер де әсер етеді. Біреу күйзеліс кезінде тамаққа жүгінеді, енді бірі тәбетін жоғалтады. Кейбірі көп ұйықтаса, екіншісінде ұйқы бұзылады» деп сөз бастады.
– Қалыпты жағдайда бақыт гормондары көңіл күйді тұрақтандырып, тәбетті және жалпы тепе-теңдікті ұстап тұрады. Ал стресс кезінде кортизол күрт жоғарылап, нәзік баланс бұзылады. Осы тұста ағза өзгерістің орнын толтыру үшін мидағы әлсіз тұстарды пайданады. Процесс жүргенде бір адам көп ұйықтап, бірі көп тамақтанып, енді бірі мүлдем ұйқысыз қалады. Кейде эмоциялық тұрақтылық бұзылады. Міне, бұл – компенсациялық реакция. Көп жағдайда ол тамақ арқылы өтеледі. Тәтті мен көмірсуға құмарлықтың артуы да осыдан туады, – деп түсіндірді Бибінұр Бақытжанқызы.
Маман мұндай кезеңде психологиялық қолдаудың маңызды екен айтты. Күйзелісті іште ұстамай, маманға жүгіну жүйке жүйесін реттеуге көмектеседі. Эмоцияны қауіпсіз жолмен шығару қажет. Ойды қағазға түсіру, серуендеу, жүзу, киноға бару, спортпен айналысу, физикалық белсенділік те стрессті басуға әсер ететінін ескерген жөн. Күйзеліс ұзаққа созылмайды, бір-екі аптада ұмытылады. Алайда сол уақыт аралығында өз-өзін басқару дағдысы шешуші рөл атқарады.
АРЫҚТАУҒА АСЫҚПА, ЖАС АНА!
Келесі маңызды сауал – босанғаннан кейін қалыпқа қалай дұрыс келу керек? Жалпы алғанның өзінде босанудың өзі де ағзаға үлкен стресс. Тоғыз ай қатарынан болашақ ана екі адамның жүктемесін көтеріп, барлық жүйе баланың дамуына жұмыс істейді. Кальций, темір қоры, дәрумендер мен минералдар айтарлықтай азаяды. Сондықтан балалы болғаннан кейін бұрынғы қалыпқа келуге, артық салмақты реттеуге уақыт пен шыдамдылық керек.
– Алғашқы және негізгі қадам – дұрыс тамақтану. Рационнан ұннан жасалған өнімдерді, газдалған және тәтті сусындарды, шамадан тыс қарапайым көмірсуларды, фастфуд пен өңделген тіскебасарларды шектеу қажет. Оның орнын көкөніс пен жеміс- жидекке, сапалы ақуыз көздеріне, сүт өнімдеріне ауыстыруды ұсынамыз. Яғни тамақтану теңгерімді әрі қоректік болуы тиіс.
Иә, сапалы әрі жайлы ұйқы маңызды. Бірақ бала шамамен алты айына дейін түнде көп ұйықтай бермейді. Сәйкесінше анасы да түнде ұйықтамайды. Ал барлық отбасы, өкінішке қарай, бала күтушіні жалдай алмайды. Осыларды да ескере отырып, бала күндіз демалған кезде анаға да демалуға тырысу керек.
Физикалық белсенділік те біртіндеп енгізілуі керек. Босанғаннан кейін гормондық өзгерістерге байланысты тері серпімділігі төмендеп, шаш пен тырнақ әлсіреуі мүмкін. Коллаген синтезі мен минерал қоры азаяды. Мұның орнын толтыру үшін дұрыс тамақтанумен қатар, жеңіл жаттығуларды бастау маңызды. Спортзалға бару мүмкін болмаса, үй жағдайында жеңіл созылу, сергіту жаттығуларының өзі пайдалы. Сонымен қатар таза ауада серуендеу жүйке жүйесінің қалпына келуіне оң әсер етеді. Қалпына келу күнмен, аптамен есептелмейді, ағзаға уақыт керек…
Бұдан бөлек, дәрігерге қаралып, зертханалық талдаулар арқылы дәрумендер мен минералдар тапшылығын анықтап, қажет болған жағдайда олардың орнын толықтыру қажет, – деп дәрігер нақты кеңесімен бөлісті.
Таразыдағы санға емес, ағзаның жағдайына мән беріп, салмақты дұрыс азайтқан жөн. Арықтаймын деп артық кетпеңіз!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
