Қызылорда қалалық орталық емханасында ашық есік күні өтті. Мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзекті өзгерістермен таныстыру.
Жалпы тәжірибелік дәрігерлері мен бейінді мамандардың қабылдауы барысында тұрғындарға консультациялық-диагностикалық қызметтерге, күндізгі немесе тәуліктік стационарлық емдеуге жолдамалар берілді. Сондай-ақ пациенттер скринингтік және профилактикалық тексеруден өтті.
Тұрғындардың бірі Салтанат Алтаева атап өткендей, мұндай шаралар өз денсаулығын бақылап, дер кезінде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
– Елімізде онкологиялық скринингтің барлығына қолжетімді болғаны қуантады. Скринингтік тексерулерден өттім. Сондай-ақ бейінді мамандардан кенес алдым. МӘМС жүйесінде сақтандырылғандықтан, УДЗ және бірқатар зертханалық тексерулерге жолдама берілді, – дейді Салтанат.
Қалалық орталық емханада терапевт, кардиолог, невропатолог, эндокринолог және тағы басқа 20-дан астам маман қабылдауда.
Терапевт-дәрігер Гүлзира Садықованың айтуынша, Ашық есік күні аясында 200-ге жуық тұрғын кенес алды.
– 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бірыңғай медициналық көмек пакеті, жаңа скринингтер және сақтандыру моделін кеңейту. Мұның бәрі медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болу – тиімді. Себебі пациент толық әрі кең ауқымды медициналық қызметтерді ала алады, – деп атап өтті Гүлзира Садықова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!