Бүгін Астанада «Pink Run» әлеуметтік-спорттық шарасы өтті, деп хабарлайды Adyrna.kz.
Есіл аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара Ракпен күрес айында ұйымдастырылып, сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мен ерте анықтаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталды.
Шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген онколог дәрігерлер, пациенттер және мәселенің өзектілігін түсінетін қарапайым азаматтар қатысты. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл жоба қоғамның назарын сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күреске аударып, әйелдерге тұрақты медициналық тексерулерден өту қажеттілігін еске салуға бағытталған.
Марафонда 350-ден астам қатысушы түрлі деңгейдегі қашықтықтар бойынша жарысқа түсті — 1,3 км және 3,9 км. Жүгіруге барлық жастағы және кез келген дайындық деңгейіндегі адамдар қатысты. Қатысушыларға шамамен 60 бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталды.
«Ерте диагностика сүт безі қатерлі ісігін емдеудің табысты болуына негіз бола алады. Бұл ауру әлемдегі әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық дерт болып табылады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 5000 әйел осы ауруға шалдығады, ал 1200-ге жуығы осы дерттің салдарынан көз жұмады. Егер ауру ерте сатысында анықталса, оны емдеу мүмкіндігі 90%-ға дейін артады. Сондықтан, «Pink Run» сынды шаралар тұрақты тексерулердің маңыздылығы туралы хабар таратуды және қоғамды осы мәселені шешуге жұмылдыруды мақсат етеді», — деп атап өтті онколог-маммолог дәрігер, «Онколог-маммологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Ермекқызы Саменова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!