Әлеуметтік желіде Атырау облысы Теңіз вахталық кенттердің бірінде коронавирусқа қарсы вакцинациядан кейін есінен танып қалған әйелдің видеосы таратылуда, деп хабарлайды «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі видеоға түсініктеме берді. Компания вакцинациядан кейінгі бақылау кезінде вакцинация орталығында мердігер компаниялардың бірінің қызметкері ауырып қалғанын растады.

«Қазіргі уақытта қызметкердің жағдайы тұрақты, ол толық медициналық тексеруден өтеді. Денсаулық жағдайы мүмкіндік берген кезде ол ауруханадан шығады», – деді баспасөз қызметі.

Олар Теңізде 28 мыңнан астам қызметкер вакцинацияланғанын және мұндай жағдай бұған дейін тіркелмегенін атап өтті.

Сондай-ақ оқиғаға Өңірлік коммуникациялар қызметі түсініктеме берді. Белгілі болғандай, вакцинациядан кейін ұстамасы басталған әйел бұрын эпилепсиямен тіркелген.

Әйел Sicim компаниясының қызметкері, «Спутник V» (екінші компонент) вакцинациясынан кейін 30 минуттық бақылау кезінде эпилептикалық ұстамасы басталған.

«Бірінші компонентті егу 2021 жылдың 5 маусымында қалыпты өткен. Вакцина салатын күні әйелдің жалпы жағдайы қанағаттанарлық болған. Шағым, дене қызуы болмаған. Ол вакцинацияға ерікті түрде келісім берді, алайды ол бұрын тұрғылықты жері бойынша невропатологта эпилепсия туралы есепте тұрғанын жасырған.

2010 жылы ол эпилепсиялық талмаға ұшырғаны анықталды, ол тексеруден өтіп, тұрғылықты жері бойынша невропатологта тіркеуде тұрған. Оның сөзіне қарағанда, одан кейін ұстамасы ұстамаған. Дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекпен ем алған», – делінген хабарламада.

Әйелге дереу егу пунктінің медицина қызметкерлері шұғыл медициналық көмек көрсетті, содан кейін оны ТШО клиникасына жеткізді, онда ол 4 шілде күні таңертеңге дейін дәрігердің бақылауында болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!