Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Атырау облысында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 13 107 жағдайы тіркеліп отыр. Оның ішінде тұмауға жатпайтын риновирус, аденовирус, РС вирусы, парагрип, бокавирус аурулары бар, деп хабарлайды KAZINFORM
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың мәліметінше, биыл жергілікті бюджет есебінен Ресей Федерациясында шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынған.
«Тұмауға қарсы маусымдық вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды. Осы кезге дейін 59 510 адам тұмауға қарсы вакцина ектірді. Оның ішінде 1 023 адам вакцинаны жұмыс беруші есебінен алған. Вакцина салдырғандарың арасында 2 594 жүкті әйел, 13 134 бала бар», – деп хабарлады Алтынгүл Аймұратова.
Инфекционист-дәрігер Айнұр Қазиеваның айтуына қарағанда, тұмау иммунитеті әлсіреген адамдарда, әсіресе, балалар мен егде жастағылар жиі асқынады.
«Балалар мен егде жастағы адамдарда симптомдар тезірек дамуы және зардабы ауыр болуы мүмкін. Кейбір жағдайда тұмаудың салдарынан бронхит, пневмония, гайморит сырқаты асқынады. Ал, егде жастағы науқастарда астма, қант диабеті және жүрек ауруы секілді созылмалы аурулардың өршуіне әкеліп соқтырады. Тұмау қоғамдық орындарда, мектептерде және кеңселерде басқаларға тез жұғады. Сол себептен, тұмауды жұқтырмаудың ең тиімді жолы – жыл сайын екпе алу», – деп мәлім етті Айнұр Қазиева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!