Бала ауырса, жаның ауырады. Ал аутизмге шалдыққан балалардың жайы тіпті ауыр. Аутизм – осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын өте сирек кездесетін, алғашында психикалық ауытқу болып танылған дерт. Баланың даму күйінің тежелуі, айналасындағы оқиғалар мен жағдайға ешқандай реакция білдірмей, тек қана өз әлемінде болу. Әрине, бала мұны өзі байқамайды, қарбаласта өзінің де денсаулығына көңіл бөлуге уақыты тапшы ата-ана да кеш біліп жатады. Мұндайда бейғам «Бала ғой, әлі-ақ сөйлеп кетеді» деп қазанның бетін жылы жауып қою – қате.

«Бұл – патология. Ерекшеліктеріне тоқталсақ, есімін елемеу, көзге тіке қарамау, жиі қайталанатын стереотиптік қылықтар, яғни саусақтарымен түсініксіз қимыл жасау, теңселу. Сондай-ақ кейбір қатты дыбыстарға жоғары сезімталдықтың болуы, нақтырақ айтсақ, шаңсорғыш, шаш кептіргіш дауысына құлағын жабу. Эмоцияларды ажыратпау, агрессия көрсету де бар», – дейді «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының диагност маманы Айзат Қанатқызы.      

       Дерек бойынша Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар 2010 жылдан бастап тіркелген. Психологиялық дамуы бұзылған балалар саны артпаса, әлі кемімеді. Бұл дертті дөп тауып беретін маман да аз. Себебі дерт әлем бойынша әлі толық зерттеліп бітпеген. Нақты шипасын табу оңайға соқпай тұр. Алайда, ғалымдар баланың дертке шалдығуына генетикалық фактор әсер береді дейді. Психологтардың айтуынша, сырқаттың алдын алса, ем-дом нәтиже береді.

Психология ғылымдарының докторы, профессор О.С.Никольская аутизмді 4  топқа бөледі. Бірінші топ – ең ауыры себебі бала мүлдем естімейтін, көрмейтін қалыпта болады. Екінші топтағылар қоршаған ортамен қарым-қатынасын дамытуда белсенді болып келеді. Үшінші  санаттағылар екінші топқа қарағанда ортамен байланысқа шыға алады. Алайда, олар сәтсіздіктерге төзбейді, жетістікке жету үшін құрдымға кетпейтін кепілдікті талап етеді. Соңғы топ мүшелері өте сезімтал. Айырмашылығы, олар ананың көмегіне көп жүгінеді, эмоционалды тұрғыда тәуелді, үнемі қолдауды қажет етеді.

Аутизмнің қауіпті немесе жеңіл сатысын анықтайтын арнайы тест те бар. Ол «mchat» деп аталады. Сауалнама түрінде жүргізіледі. 16 айдан 30 айға дейінгі жаста қолданылады және ата-ананың «ия» немесе «жоқ» деген жауаптары арқылы анықталады екен.

Қазақстанда бұл дертті емдеу үшін арнайы қорлар жұмыс жүргізуде. Аймақта 2016 жылдан бері «Асыл Мирас» қоры 2000-нан астам бүлдіршінге  көмек берген. 1 курс 3 айға созылады. Сала маманының айтуынша, егер коррекция жұмыстары үзбей жүргізілсе, жетістікке жетуге болады.

       Дегенмен ауруды қолдан жасап алатын жағдайлар да таңсық емес. Баланың кекештеніп сөйлеуі, көзді қатты ашып-жұмуы, саусақтарын ыңғайсыз қозғалту іспеттес жағымсыз әдептерді бойына сіңіру сияқты жайттарды кездестіріп жатамыз. Сонымен қатар кей ата-аналар баланың тілі шықпаса мардымсыз уайымға бой алдырады. Бұған себеп аутизм деп те қате пікірге келеді. Уайым орынды болғанмен, міндетті түрде тексерістен өткен жөн. Дефектолог мамандар баламен тығыз байланыста болуға үндейді. Мамандар тағы қызықты фактіні ортаға салды. Әлі тілі шықпаған баланың сана-сезімін қалыптастыру үшін телефоннан шектеп, танымдық нәрселермен айналысуға бейімдеу қажет. Себебі бала көргенін қайталайды және ол өз әлемінде қалып қоймауы тиіс.

                                                                                            Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!