Технология қарыштап дамып, көп дүниеге қолжетімділік артқан сайын себебі сан түрлі сырқаттар пайда болуда. Соның бірі – аутистік спектрдің ауытқулары. Әлемі бөлек аутист балаларды тізімдеу жүйесі Қазақстанда 2010 жылдан бастау алған болатын. Алайда елімізде аутист балалар саны уақыт өткен сайын артпаса, кеміген емес. Соған сәйкес Болат Өтемұратов қорының «Асыл Мирас» аутизм орталықтары желісі үздіксіз жұмыс істеп, «Аутизм. Баршамызға ортақ әлем» бағдарламасын іске асыруда. Аутистік спектрдің ауытқулары бар балалардың өмір сапасын жақсартуға арналған прогрессивті қолдау жүйесін енгізу мен дамытуды мақсат еткен орталық Қызылорда қаласында да бар.

"Аутизм ауру емес"

Аутист балалар алғашқыда өз ата-анасын танымайды, туыстық қатынасты түсінбейді, басқа балалармен ойнамақ түгілі өзінен басқаларды қабылдай алмайды. Тіпті, қарны ашқанын да сезінбейді. Бұл – кез келген ата-ана үшін ауыр сынақ. Статистика бойынша әлемдегі әр 59-шы баланың бойынан аутизм спектрінің бұзылысы байқалады екен. Өңірде аутизм ахуалы қандай? Біздегі балаларға қандай қызметтер көрсетіледі? Нәтиже бар ма? Толығырақ мақалада талқылаймыз.

"Аутизм ауру емес"

2000-дай бала түзетуден өткізілді

Айтып өткеніміздей, Болат Өтемұратов қоры «Аутизм: баршамызға – бір әлем» бағытында ұйымдастырған жобаның аясында 2015 жылдан бастап Қазақстан бойынша «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының желісі құрылды. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл және Павлодар, Тараз секілді 10 қалада осы орталық бар. «Қызылорда қаласындағы біздің орталық 2016 жылдың 21 маусымында ашылып, өз жұмысын бастады. Мұнда аутизм белгісіндегі балалармен 6 бағдарлама негізінде жоспарлы қызмет көрсетіледі. 36 сабақтан тұратын бір курс үш айды құрайды, яғни жылына үш курс өткіземіз. Әр үш айда 80-100 баланы қабылдай аламыз. Ал осы жылы ақпанда басталған курсқа 70 баланы қабылдап, педагогикалық-психологиялық коррекциядан өткізіп жатырмыз. Бастысы мұнда әр балаға жеке клиникалық педагог бекітіледі. Осы күнге дейін 2000-дай бала түзету курсынан өтті», – дейді орталық директоры Гүлайым Масаққызы.

Иә, мұнда келген әр балаға жеке клиникалық педагог бекітіледі. Клиникалық педагог дегеніміз – дефектолог, логопед, психологтың біріктірілген нұсқасы, яғни әмбебап маман. Бірнеше мамандықтың біріктірілуі қай жақтан келді десек, жүйе Батыс елдерінен енген. Қордың қаржыландыруымен орталықтың мамандары АҚШ, Ұлыбритания, Ресейдің үздіктерінен аутизм бағытында кәсіби қосымша білім алып, жетілдіру курсынан өтіп тұрады.

– Тіл білетін, кәсіби білімін толықтырғысы келетін мамандарды шетелге оқуға жіберіп тұрамыз. Болмаса шетелдік маманды арнайы Қазақстанға алдырып, Астана, Алматы сынды ірі қалаларда аудармашы арқылы оқыту жүргізіледі. Аталған он қаладағы мамандар жиналып, шетелдіктермен тәжірибе алмасады.

Қазіргі таңда орталықта диагностика бойынша супервайзер – Айтолқын Болатбекқызы, әлеуметтік дағдыларды дамыту бағдарламасы бойынша – Сәуле Мұратбаева, JASPER бағдарламасы бойынша – Жанар Байниязова, оқыту дағдылары бағдарламасындағы супервайзер – Айдана Жаңабергенқызы сынды кәсіби мамандар бар. Сонымен бірге қатарымыз жас мамандармен толығуда. Сондықтанмұндай оқыту курстары үздіксіз өткізіледі. Ғылым сәт санап дамып жатқандықтан үздіксіз ізденісте болу қажеттілікке айналғандай, – дейді орталық директоры.

Себеп көп, шешім жалғыз

Соңғы жылдары аутизм, тілдік кешеуілдер де кең таралуда. Соған қарамастан ата-аналар оның белгілерін кеш байқап, баланың тілі шықпауын, дамуы жағынан алға жылжымауын еркелікке балайды немесе ата-анасы тұйық болған соң бала сондай деп бағамдайды. Аутизмнің пайда болу себебі жайлы кереғар көзқарастар жеткілікті. Бірнеше жыл бұрын балаға вакцина салдыру кері әсер етеді деп даурығып, көп ата-ана аутизмді сонымен тікелей байланыстырды. Бірақ уақыт өте келе мүлдем екпе алмаған балалардың да аутизмге шалдығуы байқалған. Ананың аяғы ауыр кезінде алған психикалық, физикалық трамваларының әсерінен пайда болады деген тұжырым да кең тарады. Ал ғалымдар өмірдегі ең ықтимал жағдайларды қарастыра зерттей отырып, балалардың аутизмге шалдығуының негізгі себебі генетикаға байланысты деген тоқтамға келді. Гүлайым Масаққызының айтуынша, аутистік спектрдің ауытқуларын індет, дерт деуге келмейді. Себебі кез келген аурудың емі, дерттің тезірек айығуына көмектесетін дауасы болады. Өкініштісі, аутизм белгісі бар адамдарға нақты мына дәрі әсер етеді дейтіндей нақты шешім жоқ. Тек педагогикалық-психологиялық түзетудің арқасында ғана белгілі бір деңгейге дейін дамытуға, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға болады.

Орталықта балалардың үш айлық курсты қабылдауы тегін. Басқа аудандағы, шет аймақтағы көптеген ата-ана осы жағынан қателесіп жатады. Тек педагогикалық-психологиялық түзетуден өту үшін орталыққа келіп тіркелуі қажет.

«Асыл Мирастағы» үш айлық курс 6 бағдарлама бойынша жүргізіледі. Ең алдымен балаға ADOS-2 әдістемелік құралы арқылы диагностикалық талдау жасалып, аутизм спектрінің шкаласы анықталады. Содан кейін ғана балаға 6 бағдарлама тағайындалады. Алғашқысы Денвер моделі арқылы «ерте жастан қолдау» бағдарламасы болса, екіншісі оқыту дағдыларын дамыту, үшіншісі әлеуметтік дағдыларды дамыту бағдарламасымен жалғасын табады. Төртіншісі – өмірлік дағдыларды дамыту бағдарламасы болса, бесіншісі баланың тілін дамытуға арналған JASPER бағдарламасы. Және соңғысы – қарқынды курс бағдарламасы. Баланың дамуында әрқайсының өзіндік орны мен арнайы жоспары бар. Аптасына 3 рет өтетін сабаққа ата-ана міндетті түрде қатысуы керек. Неге дейсіз ғой? Өйткені аутистік спектрі бұзылған баланың ата-анасы да педагог әрі психолог бола білуі шарт. Мұның маңызы зор. Себебі үш айлық курсты бітірген соң баламен үй жағдайында да бірге жұмыс істеп, оның ойын тәсілін меңгеріп, «тілін табуды» үйреніп алсаңыз, оны өз әлемінен шығарып, жылдамырақ «бетін бері қаратуға» болады. Үш айлық курс нәтижесінде бала өзі киінуге, дәретханаға баруға, адамдарды ақырындап қабылдауға, қарым-қатынасқа түсуге бейімделеді.

Аутизм белгілерін айлық баладан да анықтауға болады

Дамудағы кешеуілдің бұл түрінің таралу жасы да өзгерді. Бұрын аутизм 5-6 жастағы балалардан байқалатын болса, қазір 5-9 айлық нәрестеден де табылып жүр. Бұрынғыдай емес, тым ерте байқалып жатады. 4-5 айлық баладан қалай анықтаймыз? Аутизмді ертерек анықтауға бола ма? Бұл сұраққа аутизм орталығының директоры былай жауап берді.

– Әрине, анықтауға болады. 4-5 айлық бала бұғанасы енді ғана қатып келе жатқан шарана ғой. Бірақ айлық балада міндетті түрде реакция беру қабілеті болады. Қосылған музыкаға селт етіп, адамдардың даусына, сұлбасына жалт қарауы керек. Ал анасы келіп, еркелетіп, еміреніп жатқанда, бала соған қуанғанын аяқ-қолының қимылымен білдіреді. 6-7 айлық балада «қайтарымды жымию» қалыптасады. Мысалы, анасы балаға қараған сәтте бала да оған кері жауап ретінде күліп, жымиып қарауы тиіс. Біздің ата-аналар осындай қарапайым белгілерге мән бермейді. Аутистік спектрі бұзылған сәби жөргегін бүлдіріп қойса, оны білмейді. Үнсіз жата береді. Мұның бәрі белгі. Көп ата-анадан баласының кішкентай кезін сұрай бастасақ: «Менің балам тыныш болды. Сағаттап тастап кете беретінмін. Үйдің тіршілігін жасауыма кедергі келтірмейтін» деп жатады. Шын мәнінде баланың тыныш болуынан қорқу керек. Әлеммен, отбасымен танысуды бастаған бала қалай тыныш болады? Оған бәрінің қызық болуы заңды, – дейді ол.

Озық маманның айтуынша, аутистік спектрі бұзылған балаларға адамдар әлемі тылсым, басқа дүние боп көрінеді. Өйткені олардың өз әлемі бар. Өздерінің әлемінде оларға ыңғайлы. Балабақшаға барғанда да ортаға қосылмай, өз әлемімен жүреді. Көпке дейін өзінің анасын, әкесін, туыстық қатынасты қабылдамайды. «Ана» деп атамайды. Туыстық қатынасты ажырата алмайтындықтан көшеде жүргенде кез келген адамға еріп кете береді. Үйге адам келгенде жатырқамайды. Ал кейбіреулер соны жақсыға балап, мына бала керемет екен, жатырқамайды деп жатады.

Белгіні кеш байқасақ…

Аутизм баладан кеш анықталып жатса, сөйлей алатын, бірақ ешкіммен қарым-қатынасқа түспейтін, тілін қатынасқа қолданбайтын жасы үлкендеу балалар әлеуметтік дағды сабақтарына қатысады. Онда 3 бала және 3 ата-ананың қатысуы арқылы осы дағдыларды дамыту жұмыстары жүргізіледі. Топ 2 маман, 3 ата-ана, 3 бала – барлығы 8 адамнан құралады. Мұнда ойындар ойнатылып, жағдаяттық сұрақтар қойылады. Осылайша бала ақырындап қоғамға үйренісе бастайды. Керісінше физикалық жасы жасөспірімдік кезеңге сай кеп тұрса да, сөйлей алмайтын балалар бар. Олар өмірлік дағды сабақтарына қатысады. Мұнда олар өз төсегін жинап, ауырып тұрса, дәрі сұрауды, өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренеді.

Гүлайым Масаққызының айтуынша, он қаладағы орталықтағы қажетті жабдықтар, озық мамандардың бәрі қор арқылы қаржыландырылып келеді. Дегенмен бұл жоба 5 жыл мерзімге жоспарланған екен. Дені мен жаны сау бала – ұлттың іргетасы екенін ескерсек, бұл жобаның маңызы зор.

– Қордың бұл жобасы 5 жылға жоспарланған еді. Алдағы уақытта мемлекеттік маңызы бар дүние болғандықтан мемлекеттің қарамағына өткізу жоспарлануда. Арнайы заңның бекітілгенін күтіп отырмыз. Егер бекітілсе, мемлекет тарапына өтіп, балаларды әрі қарай да үздіксіз қолдасақ деген тілегіміз бар. Біздің тәжірибеде жоқ, бірақ шетелде аутизммен ауырған балалардың жоғары оқу орындарына түсіп, өзі қалаған салада үздік маман ретінде танылып жүргені жасырын емес. Алдымызға келген әр баланы өз отбасын құрып, қалаған мамандығы бойынша қызмет ету арқылы қоғамға үлес қосатын дәрежеге жеткізсек деп армандаймыз. Ата-анадан алғыс алу – біз үшін үлкен бақыт, – дейді ол.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!