МӘМС жүйесінің енгізілуі жылжымалы медициналық кешендер есебінен шалғайдағы елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамту 1,8 есе артты. 2019 жылы 922 мың адам, ал 2022 жылы 1,6 млн адам қамтылды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.

Ілияс Мұхамеджан дөңгелек үстелде атап өткендей, қиындықтарға қарамастан, МӘМС жүйесі денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырып, негізгі міндеттерінің бірін орындауда.  2019 жылы халықтың медициналық қызметтерге қажеттілігіне 1,3 трлн теңге бағытталды. Салыстырып айтар болсақ, 2010 жылы ол екі есе төмен – 562,8 млрд теңгені құрады.

«МӘМС жүйесі енгізілгелі, 3 жарым жыл ішінде қаржыландыру екі есе өсті. 2021 жылға қаржыландыру 1,8 трлн теңгеге, 2022 жылға қарай 2,2 трлн теңгеге дейін өсті. 2023 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл ретте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қаржыландыру 1,3 трлн теңгеден 1,4 трлн теңгеге дейін өсті», – деді спикер.

Қазіргі кезеңде халықтың медициналық көмекке деген қажеттілігін анықтаудың өзектілігі айтарлықтай артып келеді. Оның қолжетімділігінің жоғары деңгейіне, ресурстарды пайдаланудың жоғары тиімділігіне қол жеткізу медициналық көмектің көлемі мен құрылымын жоспарлаумен тығыз байланысты. Денсаулық сақтау жүйесіндегі жоспарлаудың негізгі қағидаттары жүйелі тәсіл, республикалық және өңірлік жоспарлаудың үйлесімі, басым бағыттарды бөлу, жоспарлардың директивтілігі, барлық деңгейлерде жоспарлауға әдістемелік тәсілдердің бірлігі, денсаулық сақтаудың барлық секторларын дамытуда теңгерімді қамтамасыз ету болып табылады.

«МӘМС-тің базалық параметрлерінің өзгергеніне, сондай-ақ пандемияның ықпалына қарамастан, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласына оң әсер етті. Біріншіден, дәрігерлердің орташа жалақысы 189-дан 454 мың теңгеге дейін, ал орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 117 мың теңгеден 236 мың теңгеге дейін өсті. Екіншіден, елдің бір тұрғынына денсаулық шығындары 56 мыңнан 122 мың теңгеге дейін өсті. Үшіншіден, МӘМС жүйесінің енгізілуі жылжымалы медициналық кешендер есебінен шалғайдағы елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамту 1,8 есе артты. 2019 жылы 922 мың адам, ал 2022 жылы 1,6 млн адам қамтылды», – деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан.

МӘМС есебінен дәрігер қабылдаулары, зертханалық талдаулар және диагностикалық зерттеулер қолжетімділігі 7 есе артты. Мысалы, бейінді мамандардың консультациялары мен диагностикалық зерттеулер саны 20 млн-нан 142 млн-ға дейін өсті. 3 жарым жыл ішінде қазақстандықтарға 13 млн стоматологиялық қызмет көрсетілді. Оның 11 млн-ы балаларға көрсетілді. Пациенттерге медициналық оңалту қолжетімді бола түсті. 2022 жылы 253 мың адам МӘМС есебінен стационарларда медициналық оңалтудан өтті. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру 3 жарым есе өсті. МӘМС енгізілгелі жоғары технологиялық медициналық көмек 4 есе көп көрсетіле бастады -2019 жылы 11 мың қызмет көрсетілсе, 2022 жылы 47,7 мың қызмет көрсетілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!