Адам денсаулығы мен өмірі – мемлекеттің басты капиталы. Ананың құрсағына біткеннен бастап толғаққа дейінгі 9 ай ішіндегі жай-күйі, жарық дүниеге келгеннен кейін тал бесіктен жер бесікке дейін адам үшін ең құнды қазына денсаулық екенін медицина саласының эволюциясынан байқаймыз. Күніне мыңдаған дәрі жасалып, миллиардтаған қаржы бөлінетін сала барлық мемлекетте маңызға ие. Қазақстанда адам денсаулығын жақсарту мақсатында қандай жағдай жасалуда? Адам жанына араша түсер – ақ халатты абзал жандардың жалақысы талапқа сай ма? Ауылдық жерде өмір сүретін қазақстандықтар қаншалықты медициналық мүмкіндіктерге ие? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Өлім-жітім азайған
Медицинаның маңызды жаңалықтарына тоқталсақ. Биыл ана өлімі 3,5 есе төмендеген. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. «Халықтың денсаулығын нығайту – үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елімізде биыл ресми статистика бойынша денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштерінің оң үрдісі байқалады. 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты халықтың денсаулығы күрт нашарлаған болатын. Ол тек Қазақстанда ғана емес, барлық дүниежүзінде байқалған үрдіс. Мәселен, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биыл 9 айда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 28 пайызға төмендеп отыр.
Биыл ана өлімі 3,5 есе төмендеді. Ал балалар арасындағы аурулар қазіргі алдын алу зерттеулердің арқасында және ковидтің салдарынан бүгінде өсіп отыр. Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсаруы халықаралық рейтингтерде де байқалады. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттары рейтингінде Қазақстан позициясының жақсарғаны байқалады. 2020 жылы 193 елдің ішінде Қазақстан 65-ші орынды иеленді. Ал 2022 жылдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымы біздің мемлекетіміздің рейтингін 6 позицияға көтеріп, 59 – орынға дейін жақсартты», – деді министр.
Министрдің дерегіне сүйенсек, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші шамамен – 32, обырдан – 9, жарақаттан – 4, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім – 33, ал туберкулезден болатын өлім-жітімнің 17 пайызға төмендегені байқалады.
Сонымен қатар қазіргі таңда республикада жіті коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсету үшін 41 тері арқылы коронарлық араласу орталығы, 74 инсульт орталығы жұмыс істейді. Коронарлық араласу орталықтары мен инсульт орталықтары желісін одан әрі дамыту қарастырылған. 2-деңгейлі 4 тері арқылы коронарлық араласу орталығы Түркістан, Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарында ашылды. Сондай-ақ 30 инсульт орталығын ашу жоспарланған. 2023-2025 жылдары аталған орталықтар Қызылорда, Маңғыстау, Шымкент, Алматы қалаларында ашылмақ. Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында да бұл жұмыс қолға алынатын болады.
Ауылдықтарға
баса назар аударылады
Бұған дейін министр ауыл тұрғындарында жиі кездесетін ауруларды атап көрсеткен еді. «Бүгінде ауылда шамамен 8 миллиондай адам тұрады, бұл ел халқының 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді. Жалпы медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім соңғы 9 айда 28,5%-ға төмендеді», – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында. Жүргізілген зерттеулер бойынша ауыл халқының арасында тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегетіндер алғашқы орында (42,7%) тұрса, екінші орында ас қорыту, үшінші орында – несеп-жыныс жүйесі аурулары орын алған.
– Шалғай ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды», – деді Ажар Ғиният. Сонымен бірге ауылдарда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді және жыл басынан бері 2 млн шақыртуға қызмет көрсетілген.
Ал халық саны 50-ге жетпейтін ауылдық жерлер ше? Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұған да көңіл бөлінді. «Мемлекет басшысының ауыл халқына медициналық-санитарлық алғашқы көмек қолжетімділігін арттыру тапсырмасын орындау мақсатында биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Оған сәйкес халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық көмекті медицина қызметкері үйде қамтамасыз етеді. Бұрын ауылдарда мұндай мүмкіндік болмаған. Халық саны 50-ден 500 адамға дейінгі елді мекендерде – медициналық пункт, ал халық саны 500-ден 1 500 адамға дейінгі ауылдарда – фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Бұл 3 медицина қызметкерінің халыққа көмек көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді министр.
Халық саны 1 500-ден 5 000 адамға дейінгі ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар және халық саны 5 000-нан асатын ауылдарда медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталықтары ашылады. Президенттің сөзіне сүйенсек, келер жылдан бастап шамамен 700 жаңа медицина нысаны салынады. Көпсалалы 32 аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осының бәріне 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ауылға медициналық пункттер салынғанмен, кәсіби кадр жетіспеушілігі шешіле ме..?
Дәрігер жетіспейді: жалақы артса, кадр көбейе ме?
Министрдің баяндамасы бойынша елімізде 3 900 дәрігер жетіспейтіндігі анықталды. «Кадр мәселесі ерекше назарда. Республика бойынша кадр тапшылығы дәрігерлер арасында – 3 900 маман. Былтыр үш мыңнан астам жас түлек жұмысқа орналастыруға жіберілді, оның 630-ы – елдімекендерде. Биыл 1872 жас түлектің 441-і ауылдарға жіберілді. Келесі жылға 11 мыңнан астам маман дайындап жатырмыз. Маманға әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Үй, көтерме жәрдемақы мәселесін көтеріп жатырмыз. Әсіресе, ауылға баратын дәрігерді ынталандыру қажет», – деді министр.
Ауылға баратын дәрігерді қалай ынталандырамыз? 2022 жылы жалақы дәрігерлерге орта есеппен – 30, орташа медицина персоналына 20 пайыз көтерілді. Ал келер жылдан бастап дәрігерлерге жалақыны орташа есеппен 531 мың теңгеге, орта медицина маманына 250 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін және медицина қызметкерлерінің мәртебесін сақтандыру жүйесін енгізу үшін тиісті заң жобасы әзірленуде.
Статистика бойынша бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, келген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер (Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары) 3-5 миллионға дейін бөледі. Бұл – жас маман үшін жақсы мүмкіндік. Дегенмен «Дипломмен ауылға» аттанған талай жастың тағдыры қайталанып, «үй үшін» ғана қызметке орналасқандар мерзімі біткен соң қаласына қайта оралмай ма? Осы мәселе ойландырады…
Дина Бөкебай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!