Төтенше жағдай кезінде дәрігер мен медбикелердің  тыным тап­пай жұмыс істегені белгілі. Олардың үйінен, отбасынан жырақта жүргені де баршамызға аян. Балаларымен ұялы байланыс арқылы хабарласып, бет әлпетіне смартфоннан көз жүгіртуге тура келді. Олардың Гиппократқа берген антына беріктігі осыдан білінсе керек. Толқынай Жармахан есімді медбике де өзіне берілген міндетті орындап шықты. Жас болса да, адам өмірін арашалап қалуға көме­гім тисін деген мақсатты басты орынға қойды. Ол – Қызылорда жоғары медициналық колледжінің түлегі. Бүгінде №1 бөлімшеде мейірбике болып жұмыс істейді. Бала кезінен медбике болуды армандаған Толқынайдың айтары бар.

Толқынай Жармахан,

Облыстық психикалық денсаулық орталығының медбикесі:

– Пандемия өршіген тұста емделушілер көп болды. Айтыңызшы, тұрғындар дәрігердің нұсқауын дұрыс пайдаланды ма?

– Жалпы коронавирус індетінің бірінші толқыны барлығымызды есеңгіретіп тастағаны рас. Өздеріңіз білесіздер, облыстық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері «Сейхун» провизорлық стационарында жұмыс істеді. Бұл емдеу мекемесі айналдырған екі тәуліктің ішінде жасақталды. Бір сәтте әріптестерімізбен бірге халыққа медициналық көмек көрсетуге кірісіп кеттік. Өзімізге үлкен жауапкершіліктің артылғанын сезіндік. Біздің провизорлық стационар бір айға жуық қызмет көрсетті. Осы уақыт аралығында мыңға жуық науқасқа ем-дом көрсеттік. Негізінен ем алушының дертінен сауығып, аяғынан тік тұрып кетуінің 80 пайызы мейірбикенің жұмысына байланысты десек болады. Біз дәрігерлердің нұсқауын дұрыс орындадық. Нәтижесінде талай адамды ажалдан арашалап қала алдық. Бізге ыстық ықыласын, алғаусыз алғысын жеткізген тұрғындар көп болды. Бұл біздің еңбегіміздің еш кетпегені.

– Хаттама аясында жұмыс істедіңіздер ғой…

– Негізінен, облыстық психикалық денсаулық орталығында сан салада жұмыс істейтін мамандар бар. Яғни бізде нарколог – дәрігерлер, психиатр, психотерапевт пен невропатологтар бар. Біз Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы хаттама аясында ем-дом шараларын жүргіздік. Әрине әр науқастың жағдайын тікелей дәрігерлер бақылап, қадағалап отырды.

– Пневмонияға шалдыққан науқас көп жаттығу жасау керек дегенді жиі естиміз.  Сол кездегі науқастар жасауы тиіс жаттығуларда қандай қиындықтар болды? Мәселен, жаттығу жасауға аса бір жағдайы келмейтін, бірақ жаттығу жасау керек науқастарға қатысты мәселе болды ма?

– Жалпы, пандемия кезінде ғана емес, әр адам саламатты өмір салтын ұстану керек. Әрине, спортпен шұғылданудың маңызы зор. Науқастар көбіне тыныс алу жаттығуын жасағаны дұрыс. Бұл жаттығуды дұрыс орындаудың үлгісін дәрігерлер науқастарға көрсетті. Ем алушылар өкпе дұрыс жұмыс жасау үшін тыныс алу жаттығуын жиі орындайтын.

– Уақытылы дәрі-дәрмегін беріп, қадағалап тұрған күннің өзінде көңілі толмайтындар болмаған шығар…

– Жалпы, жасыратыны жоқ, коронавирус індетінің алғашқы толқыны кезінде мамандар тапшылығы сезілді. Мұндай жағдай біздің орталықта да болғаны рас. Әрине, ем алушылар өте көп болды. Тәулігіне 40-50 науқас келген кездер болды. Дерті жанына батып, тынысы тарылған науқастар тарапынан ара-арасында түсінпеушіліктердің болғанын жасырмаймыз. Бірақ қолдан келген медициналық көмекті барлығына бірдей, сапалы көрсетуге тырыстық. Нәтижесінде көптеген адамды емдеп, үйіне қайтуына көмек бердік.

– Оқшаулануды дұрыс орындамағандар болды. Оларды ауруға бойұсынбаған деп түсінуге бола ма? Кейбірі карантин талаптарын өрескел бұзды. Мұны қалай түсінуге болады?

 – Менің ойымша, бастапқыда көптеген адам бұл кеселдің қаншалықты қауіпті екенін сезінген жоқ. Жақындарының арасында коронавирус індетінен көз жұмғандар болғаннан кейін ғана сақтық шараларын орындайтын болды. Өкінішке қарай, өзіміздің немқұрайлығымыздың соңы қайғылы аяқталды. Бірінші толқын көпшілігімізге сабақ болды. Ендігі кезекте, осы жағдайдың қайталанбауы үшін әрбіріміз маскамызды киіп, адамдар көп шоғырланатын аймақтан алыс жүргеніміз дұрыс. Көпшілікті сақтық шараларын сақтауға шақырамын.

–  Қазір де вирус жойылған жоқ. Үйіңізге барғанда қалай қорғанасыз? Отбасыңызға қауіпті деп қорықпайсыз ба?

– Әрине, сақтықта қорлық жоқ. Әр адам өзінің денсаулығы үшін, жақындарының амандығы үшін алаңдауға тиіс. Мен де бұл ретте барлық сақтық шараларын орындап жүруге тырысамын. Өйткені мен үшін отбасымның саулығы бәрінен маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!