Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 420 мың теңгеге дейін өскенін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын жыл сайын арттыру шаралары қолға алынуда. Бұл оны 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу мақсатында жасалып отыр. 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы қазірдің өзінде 421 мың теңгеге дейін өсті. Орташа медицина қызметкерінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады», деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.
Министр сондай-ақ МӘМС аясында халықтың қымбат медициналық қызметтерге қолжетімділігі артқанын хабарлады. Қазіргі уақытта 886 мыңға жуық қымбат медициналық қызмет көрсетілді.
«Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асырудың арқасында ауылдық елді мекендерді алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен және консультативтік-диагностикалық қызметтермен қамту 49%-ға дейін ұлғайтылды. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көрсету көлемі 56 пайызға жеткізілді», деді А.Ғиният.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!