Облыстық психикалық денсаулық орталығы психиатриялық стационар жанында балалар бөлімі жұмыс істейді. 40 орындық бөлімшеде жүйке жүйесі ауруына шалдыққан, ақыл-есі дамуы тежелген жеткіншектер ем алады. Балалармен біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істеп, сапалы медициналық көмек көрсетеді.

Емдеу шаралары барысында орталық мамандары медикаментозды шарадан бөлек, емдеу процесінде еңбек терапиясын қолданады. Яғни науқастарды еңбекке баулып, қолөнермен айналысуға машықтандырады.
Бөлімде арнайы еңбек терапиясына арналған кабинет бар. Салима Урашова – білікті маман, тәжірибелі еңбек нұсқаушысы. Ол балаларға қолөнер бұйымдарын жасауды үйретеді. Науқастар түрлі моншақ жасап, бисерден әдемі дүниелер тоқиды. Кабинетте арнайы тігін машинасы да бар. Ем алушылар бос уақыттарында осында қажетті білім жинақтайды.
“Өзіме балалармен жұмыс жасаған қатты ұнайды. Ем алушылардың басым көпшілігі өте талантты, әрі еңбекқор. Емнен бір сәт көңілдерін бөліп, жанына жақын дүниелермен айналысады. Жалпы, еңбек терапиясы балалардың ойлау жүйесі мен ақыл-есінің дамуына оң әсер етеді”, – дейді С.Урашова.
Жуырда бөлімшеде олигофрено – педагог маманы қызметіне кірісті. Жас маман Айгерім Базарова ақыл-есі кем балалармен жұмыс жасайтын болады. Ол ем алушылардың диагнозына қарай оқу мен жазуды үйретіп, логикалық есеп шығаруға машықтандырады. Сонымен қатар балалардың ойлау жүйесін дамытуға септігін тигізетін ойындар ойнатпақ. Айгерім өзіне жүктеліп отырған жауапкершіліктің маңызын жақсы түсінеді.
“Қазіргі уақытта бөлімде 22 науқас ем алып жатыр. Ең басты мақсат – балаларға көмек көрсету. Алдағы уақытқа көп жоспарым бар. Мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырғым келеді”, – дейді Айгерім Базарова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!