Балалалар арасында кавасакиге ұқсас синдром ауруы артуы мүмкін. Мұндай пікірді «Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Коронавирус инфекциясы кез келген жасқа, балаларға да, ересектерге де жұғатындығын атап өткен жөн. Балалар да коронавирус инфекциясымен ауырады. Дегенмен, оларда ересектерге қарағанда ауру біршама жеңіл өтеді. Балалар көбіне симптомсыз түрін тасымалдаушы болады. Яғни, оларда аурудың ешқандай белгісі байқалмайды. Алайда, коронавирус инфекциясымен ауырған балалаларда 2-4 апта өткеннен кейін мультижүйелі қабыну симптомы пайда болуы мүмкін екендігін естен шығармау қажет. Мұндай кезде бірқатар ағза мен жүйе зақымданып, баланың жағдайы өте ауыр болады. Дене қызуы үнемі жоғары болып, дәріге де түспейді. Теріде бөртпе пайда болып, өкпе, бас миы, буындар қабынады. Сондықтан да балаларды коронавирус инфекциясын жұқтырып алмауы үшін барынша қорғаған дұрыс болар еді», – деді Динагүл Баешева.
Осы ретте дәрігер ел азаматтарын мамандардың кеңесіне құлақ асуға шақырды.
«Әрине, балалар ойнағысы, достарымен кездескісі келеді. Дегенмен, олар вирус жұқтырып алмауы үшін барынша қорғау қажет. Кей адамдарда «балалар қазір ауырып алсын, содан кейін оларда тұрақты иммунитет қалыптасып, ауырмайтын болады», деген жақсақ пікір бар. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай пікірдің дұрыс екендігін дәлелдейтін еш дәйек жоқ. Балалардың ауруып қалғаны туралы деректер күннен күнге ауысып отырады. Мұндай ақпарат барлық уақытта да ашық. Ақпараттар дұрыс әрі нақты беріледі. Денсаулық сақтау министрліне бұл мәліметтерді жасыруға еш себеп те жоқ. Ауру бүкіл әлемде таралып отыр және ол күнделікті өмірде адамнан адамға тез жұғады», – деді медицина ғылымдарының докторы.
Сонымен қатар ол балалалар арасында кавасакиге ұқсас синдромның өту мүмкіндігі бар екендігін де жасырмады.
«Мен кавасакиге ұқсас синдром бойынша тәртіптік комиссиясының мүшесімін. Бүгінде балалар арасында мұндай синдромның өсімі байқалып отырған жоқ. Бірақ, аурудың сәл кейінірек, яғни белгілі бір уақыттан пайда болуы мүмкін екендігін де естен шығармауға тиіспіз. Осынау эпидемиологиялық циклдің өз заңы бар. Сондықтан салғырттыққа жол беруге болмайды. Барлық уақытта сақтық шараларын қаперден шығармай инфекционист дәрігердің ұсыныстарын ұстану қажет», – деді Динагүл Баешева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!