Қызылорда облысы COVID-19 инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша әлі «қызыл аймақта».  Облыста 2020 жылдың наурыз айынан бүгінге дейін 14 957 жағдай тіркелген. Эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Ауру шілде айының 15-інен бастап күннен-күнге күшеюде. Күнделікті 100-дің үстінде тіркелсе, шілденің 29-ыншы жұлдызынан бастап 200-дің үстінде сырқат адам тіркелген. Бұндай жағдай былтырғы пандемияның кезінде болған емес дейді мамандар. Өткен жылы шілде айында ең жоғарғы тіркелген науқас саны 118 болыпты. Аталмыш инфекция қалада да, аудандарда да тіркелуде. Әсіресе  облыс орталығында көбейген.

− Тіркелген жағдайларды жас ерекшеліктеріне қарай талдағанда, жастар арасында орын алып отыр. Дегенмен биыл өткен жылмен  салыстырғанда 14 жасқа дейінгі балалар арасынан, оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар арасында КВИ шалдыққан балалар саны көбеюде және клиникалық белгілерімен де анықталуда. Бұл ерекшеліктер мутацияланған «Дельта» штамының жұғуы жоғары және жылдам екенін тәжірибеде көрсетіп отыр. Сондай-ақ   жұмыссыздар, зейнеткерлер, балалар мен оқушылар саны көбейсе, медицина қызметкерлері мен тағы басқа қызметтегілер саны азайған. Яғни ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында ұйымдасқан КВИ қарсы егу шаралары өз нәтижесін көрсетуде. Сондықтан қауіпті топтағы тұрғындарды екпемен қамтуды жеделдету керек, − дейді облыстық санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орын­басары Әлия  Әбдіқайымова.

Аймақта вирус таралуын тежеу үшін көп жайттарға тыйым салынған. Қойылған шектеу шараларының орындалуын 167 мониторингтік топ бақылауда. Олар  13 102 нысанға  рейдтік тексерулер жүргізген. Талап бұзған 235 жағдай тіркелген. Заң бұзушылықтар бойынша 629 әкімшілік хаттама толтырылып, 41 342 104 теңге айыппұл салынған. Ashуq жүйесіне енген 2086 қоғамдық орынның 12-сі шектеу талаптарын бұзған. Бұл мәліметтер вирустың қауіптілігіне әлі де немқұрайлы қарап отырғанымызды білдіреді. «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ ауыртқан Құдай емес» депті Абай. Сақтық жасамасақ, қауіп балаларға төнгелі тұр.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!