Алматы қаласының №15 емханасының дәрігері Мөлдір Әкімжан Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында балалар мутацияланған «дельта» нұсқаның пайда болуына байланысты коронавируспен жиі ауыра бастағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалар ересектерге, қарттарға вирус жұқтырады, олар үшін вирус өте қауіпті. Сондай-ақ, кез келген инфекция бір жасқа дейінгі сәбилерге қауіп төндіреді. Сондықтан, егер отбасында кішкентай нәресте болса, оны айналасындағылардың бәрі COVID-19-ға қарсы егілгені жөн. Коронавирус балаларда жиі ауыр болатынын түсіну керек. Пандемия басталғаннан бері әлемде 9 мың бала осы аурудан қайтыс болды», – деді дәрігер.

Педиатрдың айтуынша, ауру кезінде кейбір балаларда асқынулар болуы мүмкін, мысалы, көп жүйелі қабыну синдромы, ұзаққа созылған жоғары дене қызуы. Дәрігер вакциналанған адамдардың саны неғұрлым көп болса, вирустың таралуы мен мутация ықтималдығы аз болатындығын тілге тиек етті.

«Дельта» – балаларға бастапқы «Ухань» вирусына қарағанда жиі жұғады. Мөлдір Әкімжан созылмалы аурулары бар балаларды вакциналау өте маңызды екенін айтты. Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, Алматыда 2 947 жасөспірім вакцина салдырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!