Қытай ғалымдары әрбір дастарқанда болатын жемістің құрамында радиоактивті зат бар екенін анықтады, деп хабарлайды РИА Новости.

Бейжің аэронавтика және астронавтика университетінің ғалымдары Чжан Сяотянь мен Ляо Цзе бананның құрамын жан-жақты зерттеген. Бұл жемісте калийден бөлек оның изотопы –  калий-40 бар. Одан иондаушы сәуле шығып, адам денсаулығына зиян келтіреді. Алайда бананда оның мөлшері көп емес. 

«Бір бананды жегенде радиацияның дозасы шамамен 0,0778 микрозиверт болады. Бұл – өте аз. Мәселен көкірек қуысын түсіруге арналған компьютерлік томографияның күші 70 мың бананға пара-пар», – дейді ғалымдар. 

Ғалымдар радиацияның әсерін көрсету үшін бананды өлшем ретінде жиі қолданған. Мәселен атом электр станцияларының рұқсат етілген зиянды әсері бір жылда 2,5 мың бананды жегенмен бірдей, ал адам өліміне әкеліп соқтыратын доза – 35 миллион банан.

Осы орайда мамандар адамды барлық жерде радиация қоршап тұрғанын еске салды. Әсіресе рентген мен компьютерлік томография жасаған кезде иондаушы сәулелер көп болады. Темекі де өте зиянды. Оның құрамындағы полоний-210 мен қорғасын-210 бананнан әлдеқайда қауіпті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!