Қазіргі кезде қаланың инфекциялық орталығында жүзден астам бала коронавирустан ем қабылдап жатыр
Нұр-Cұлтанда маусым айынан бастап коронавирус жұқтырған балалар санының өскені байқалады.
Балалар, негізінен, отбасында вирус жұқтырған адаммен байланыста болғаннан кейін ауырады, деді №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, инфекционист-дәрігер Роза Өтегенова.
«Яғни, отбасында ересек адам ауырса, тіпті жеңіл түрі болса да, онда балалардың барлығы дерлік жұқтырады. Бүгінгі күні инфекциялық орталықта вирус жұқтырған 110-нан астам бала емделіп жатыр, – деп келтірді дәрігердің сөзін әкімдіктің ресми сайты.
Сондай-ақ, инфекционист «дельта» штамм өте агрессивті екенін атап өтті, сондықтан балалар ересектерге қарағанда оңай және тез жұқтырады.
«Балаларда ауру симптоматикалық емес, клиникалық айқын формаларға дейін созылады. Балаларда байқалатын негізгі белгілер – интоксикация, дене қызуы, катаральды көріністер болуы мүмкін. Сондықтан бастапқыда қарапайым вирустық инфекциялардан еш айырмашылығы жоқ деп айта аламыз. Бірақ уақыт өте асқынуы мүмкін. Сонымен қатар созылмалы аурулар болған кезде созылмалы патологиялардың декомпенсациясы басталуы мүмкін. Бұл жағдайдың нашарлауына алып келеді», – деді Өтегенова.
Сондай-ақ, дәрігердің пікірінше, көп нәрсе баланың коронавирус жұқтырғанға дейінгі денсаулығына байланысты. Яғни, егер ол COVID-ке дейін сау болса, ауру жеңілірек өтеді.
«Ауру ағымының ерекшелігі сол, оның инфекциялық процесі кез-келген кезеңде аяқталуы мүмкін. Яғни бала не тез емделіп шығады немесе бірден ауыр түріне жетеді. Инкубациялық кезең ересектердегідей өтеді: 4-тен 14 күнге дейін. Алайда, балада қосымша аурулары болса, оның жағдайы жылдам нашарлауы немесе нашарламауы мүмкін», – дейді маман.
Коронавирус ересектердегі сияқты балаларда да ең алдымен өкпені зақымдайды. Бірақ жүрек, бауыр, асқазан-ішек жолдары болуы да мүмкін. Сол сияқты ауыр түрдегі сепсис пен шок жағдайына дейін әкелуі мүмкін.
«Ата-аналардың бәріне сақтық шараларын қатаң сақтауын, әсіресе вакцина салдыруы керек екенін айтқымыз келеді. Негізінен екпе алмаған отбасылардың балалары ауыр түрде ауырады. Вакцина алыңыз, өзіңізді және балаларды қорғаңыз! Өйткені, кішкентай балалар өзінің ауырып қалғанын түсінбеуі мүмкін, ал кейін ауру ауыр күйде өтеді», – деп қорытындылады Роза Өтегенова.
Sputnik
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!