Отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылық. Сондықтан да адами құндылықтың үлкенін әрбіріміз бойымызға сіңіруіміз керек. Мен ата-әжемнің баласымын. Үлкендерден үлгі-өнеге алған өрелі жастың алар асуы да мол болады. Ата-әжем маған жат әдеттен бойыңды аулақ сал деп үйретеді. Есірткі, темекі, алькоголь өнімдері біздің үйде қолданылмайды. Ал «Ұяда көргенді, ұшқанда ілерсің» деген қағидамен мен отбасымда көргенімді көңілге құямын. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген де осы төңіректе.

Мен – елімнің үміт артар ұланымын. Болашақта қазақ елінің көсегесін көгертіп, айын оңынан туғызар перзент болғым келеді. Міне, осы арманым да, биік мақсатым да отбасымда қалыптасты. Бүгін де білім ошағында тек білім алумен ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен де айналысамын. Бойы сергектің ойы да сергек болады.

Атам мен әжем зейнеткер. Олар нағыз еңбектің нанын же деп мені адал еңбекке баулып жүр. Әжем «Әжелер ансамбльінің» мүшесі. Өнерді де үйренгенімді қалайды. Анам – ұстаз, ал әкем – электрик. Әрбірі өз саласының маманы. Бауырларым да үлгілі. Білмегенімді үйретіп, білгеніме марқайып отырады.

Мен есірткі атаулыдан бойымды аулақ ұстаймын. Біздің отбасы – салауатты өмір салтын ұстанған берік отбасы. Қашан да қанатымды кеңге жайып, биікке құлаш сермеймін. Әлбетте, тек қана таза жолмен. Өйткені, есірткі – біздің қазаққа жат нәрсе.

Рамазан Бисен,

№37 мектеп-лицейдің

5 сынып оқушысы.

Сырдария ауданы.

Шаған ауылы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!