Күдік «ұрлаудан» «өкілеттіктерді теріс пайдалануға» ауыстырылды. Алайда Елжан Біртанов кінәсін мойындаған жоқ.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің қылмыстық істері №2 Сарыарқа аудандық сотына қайта түсті.

«Е.А. Біртановқа, О.А. Әбішевке қатысты қылмыстық іс Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының іс жүргізуіне қабылданды. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 11 мамырда сағат 10-да жоспарланған», – деп хабарлады соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың қаңтарында №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов қылмыстық іс жүргізу заңнамасының елеулі бұзушылықтарын жою үшін қылмыстық істі прокурорға қайтарған болатын.

2020 жылдың 25 маусымында Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Ол кезде коронавируспен ауырған болатын. Ал қазан айының соңында оның аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынғаны белгілі болды. 2020 жылдың қарашасында адвокаты экс-министрді үй қамауында деп мәлімдеді. Содан бері Елжан Біртанов үй қамағы мерзімін бірнеше рет ұзартты. Ал 2021 жылғы 12 қарашада сот экс-министрдің қамауға алынуын 2022 жылғы 14 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Бұл ретте Біртановтың ісі бойынша тергеу 2021 жылдың 7 шілдесінде аяқталған-ды. Сол кезде құқық қорғау органдары оның ісі бойынша бапты қайта саралаған. Күдік «ұрлаудан» «өкілеттіктерді теріс пайдалануға» ауыстырылды. Алайда Елжан Біртанов кінәсін мойындаған жоқ.

Адвокаты Дмитрий Куряченко да Елжан Біртановты үй қамауында ұстау заңға қайшы келетінін айтты. Сондықтан 24 қыркүйекте экс-шенеуніктің адвокаттары апелляция берді. Судья олардың өтінішін қабылдамады.

Қазан айының соңында Қаржы мониторингі агенттігі «тергеуде оның кінәсі туралы дәлелдердің болмауына байланысты қылмыстық істі тергеуді кешіктірді» деген айып негізінде жауап берді. Агенттіктің ресми өкілі Гаухар Сапарбаева бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын және қоғамда бұл жағдай туралы қате түсінік қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

Дегенмен қазір бұрынғы министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдікпен қамауда отыр. Осы орайда журналист Абай Отар өзінің Facebook-тегі парақшасында осы Біртанов ісіне қатысты тағы бір деректер келтірді.

Қазақстан тағы да халықаралық қаржы дауына қалуы мүмкін. Ericsson Nikola Tesla деген компания бар. Кәдімгі эриксон телефондарын шығаратын швециялық алпауыт. 1953 жылы хорватиялық Nikola Tesla компаниясымен қосылған. Түрлі цифрлы қызмет түрлерін ұсынатын, әлемге әйгілі компания. Цифрлы үкімет, цифрлы денсаулық сақтау, цифрлы бизнес, қоғамдық көлікті басқару секілді түрлі салаларда еңбек етіп келе жатқан кәнігі ұжым. Аталған компания 2016 жылы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігімен келісімшарт жасасып, денсаулық сақтау саласына арналған платформа жасауға уағдаласады. 2019 жылы платформа іске қосылып, пилоттық режімде сынақтан өте бастаған. Бұл жүйе елдегі медицина саласына қатысты бүкіл қызметті біріктіретіндіктен, платформаның жұмыс істегені біреулерге ұнамаған секілді. Осы платформаны сылтауратып, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Прокуратура бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа тас кенеше жабысты, – дейді әріптесіміз.

Журналистің жазуынша, Біртановты басында бюджет қаражатын жымқырды деп айыптады. Ал кейін жұмыс істемейтін платформаны қабылдап алды деп күдіктенді. Бірақ ол платформаның жұмысқа жарамды екенін сарапшылар бірнеше рет мәлімдеген болатын.

«Мысалы, 2020 жылы шілдеде Ericsson Nikola Tesla компаниясының өкілдері елге келіп, Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлерімен платформаны тексеріп көріп, қолдануға әзір екені туралы есепті Үкіметке жіберіпті. Бұдан кейін де аталған компания өкілдері, тіпті оның басшысы да платформаның жарамдылығын айтып, бірнеше хат жолдаған көрінеді. Алайда мұның бәрі Қаржылық бақылау агенттігі мен Прокуратураны тоқтатпаған. ЦАРКА-ны жалдап, платформа жұмыс істемейді деген қорытындыға келген. Иә, қате оқымадыңыз. Әлгі, хоумбанк атын жамылған фишингтік сайттар деп тіркелмеген доменді көрсетіп, абыройдан жұрдай болған ЦАРКА ғой (оның сол кездегі басшысының қарамағында жұмыс істеген қыздың бертінде «хихикать етіп, ақша тратить етіп» жүргені туралы айтып жатудың қажеті жоқ шығар). Сөйтіп, жұмыс істеп тұрған платформаны тоқтатып тастады да, Біртановты кінәлі етіп шығаруға барын салды. Бір қызығы, аталған платформаны жасау Біртанов министр болмай тұрғанда басталған. Тіпті, оны қабылдап алуға да экс-министр тікелей әсер етпеген. Тіпті, қабылданған құжаттарда Біртановтың қолы да жоқ. Мұны «Время» газетінің журналисі Михаил Козачков анық-қанығын зерттеп жазды», – дейді Абай Отар.

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі 500 миллион доллар болатын банктік кепілді қайтартыпты. Ал прокуратура Ericsson Nikola Tesla компаниясына қарсы іс ашып, оны алаяқтық жасады деп айыптаған. Осыған байланысты қазір сол компанияның өкілдері наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Тіпті, халықаралық арбитражға беруі мүмкін деген де әңгіме айтыла бастаған.

«Алда-жалда Ericsson Nikola Tesla компаниясы Қазақстанды сотқа берсе, бұл процесс бірнеше жылға созылатыны анық. Әрі еліміздің пәленбай миллиард доллар қаржысы көзден бұлбұл ұшуы әбден мүмкін. Баяғыда Стати деген жүгірмек ұлттық қордың миллиардтаған долларын бұғаттатып тастап еді ғой. Ericsson Nikola Tesla оның қасында салмағы да бар, сенімі мол компания. Ендеше, оның шағымы елімізге оңайға тимейтіні заңнан алыс менің өзіме түсінікті болып тұр», – деп отыр журналист.

Сонымен, бәрі бүгін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты соттың алдын-ала тыңдауының қалай өтетініне байланысты болып тұр. «Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан» деген билік бұл істің де ақ-қарасын ажыратып алар…

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!