Босанғаннан кейінгі кезең әдетте бақытты сәт деп қабылданады: отбасында сәби дүниеге келеді, туыстар құттықтайды, ал жас анаға көптеген жылы тілек айтылады. Алайда осы сыртқы қуаныштың астарында қоғамда көп айтыла бермейтін бір күрделі жағдай жасырынуы мүмкін. Ол – босанғаннан кейінгі депрессия.
Маман ретінде көбіне босанғаннан кейін артық салмақтан арылғысы келетін әйелдер келеді. Бірақ осы өтініштің артында жиі терең эмоционалдық қиындықтар мен мазасыздықтар жатқанын байқаймын.
Бүгінде зерттеулер Қазақстандағы әрбір сегізінші әйелдің осы жағдайға тап болатынын, алайда олардың көбінің көмек сұрамайтынын айтады. Бұған ақпараттың жеткіліксіздігі, өзін кінәлі сезіну және қоғам тарапынан айыптаудан қорқу себеп болады.
Неліктен мұндай жағдай болады?
Біріншіден, әрине, әлеуметтік қысым. Қазақстандық отбасыларда әйелдің бәріне өзі төтеп беруі, шыдамды, сабырлы болуы, шағымданбауы тиіс деген көзқарас жиі кездеседі. Жас ана баласына қарап, үйді реттеп, бәріне үлгеруі керек деген талаптар оның эмоционалдық жүктемесін күшейтеді.
Екіншіден, психологиялық көмектің жеткіліксіздігі. Жүктілік кезінде әйелдің физикалық саулығына баса назар аударылады, ал психологиялық қолдау екінші кезекте қалып қояды. Көптеген әйел өз жағдайының әлсіздік емес, медициналық мәселе екенін түсінбейді, сол үшін де маманға жүгінбейді.
Бұдан бөлек, мәдени ұстанымдар да бар. «Бәрі туып жатыр ғой, ештеңе болмаған», «баланы ойла, өзіңді емес» деген секілді сөздер әйелдің шынайы жағдайын айтуға мүмкіндік бермейді.
Босанғаннан кейінгі депрессия қалай байқалады?
Босанғаннан кейінгі депрессия – бұл жай шаршау немесе уақытша эмоциялық өзгеріс емес. Ол босанғаннан кейін бірнеше апта немесе ай ішінде дамуы мүмкін психоэмоционалдық жағдай. Оның негізгі белгілері – ұзақ уақыт мұңаю, немқұрайлылық, үмітсіздік сезімі, мазасыздық, ашуланшақтық, бұрын қуаныш сыйлаған дүниелерге қызығушылықтың жоғалуы, сәбиімен эмоционалдық байланыстың әлсіреуі, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, өзін-өзі кінәлау сезімі және «мен жаман анамын» деген ойлар. Бұл белгілер екі аптадан ұзақ сақталса, маманға жүгіну қажет.
Қалай көмектесе аламыз?
Әйел үшін ең маңыздысы – түсіну мен қолдау. Үй шаруасына көмектесу, оған демалуға уақыт беру, ұйқыны қалпына келтіруге жағдай жасау оның психикалық жағдайын айтарлықтай жақсартады. Психолог жағдайдың ауырлығын бағалап, қажетті терапияны ұсына алады. Қажет болған жағдайда бала емізетін әйелдерге қауіпсіз дәрілер тағайындалады. Осындай кезеңнен өтіп жатқан басқа аналармен қарым-қатынас жасау әйелге өзін жалғыз еместей сезінуге көмектеседі.
Босанғаннан кейінгі депрессия – әлсіздіктің белгісі емес. Бұл – анемия немесе қан қысымының жоғарылауы сияқты емдеуді қажет ететін медициналық жағдай. Отбасы мен медицина мамандары алғашқы белгілерді ерте байқаса, ананың қалпына келуі тезірек болады, ал сәби дені сау әрі тыныш ортада өседі.
Босанғаннан кейінгі депрессия бар және оны емдеуге болады. Ең маңыздысы – бұл туралы жасырмау керек, қорықпай көмекке жүгіну және жас аналарды қолдау. Әйелге көрсетілген қамқорлық – болашақ ұрпақтың саулығына жасалған қамқорлық. Қазақстандағы әрбір ана өзін қауіпсіз, қолдау тапқандай сезінетін жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Жанна НҰРБЕРГЕН,
Астана медицина университеті академик Е.Дәленов атындағы
профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері
дәрігер диетолог.
Жанар КАЛМАКОВА,
гигиенист-дәрігер, нутрициолог,
Қызылорда жоғары медициналық колледжінің директоры
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!