фото: ашық дереккөзден алынды
Қазақ тіліндегі «қ», «ң» секілді дыбыстарды айту балаларға неге қиын? Бала алғаш рет «ана» деп тілі шығып, өз ойын білдіре бастаған сәт – ата-ана үшін ең үлкен қуаныш. Бұл – баланың алғашқы тұлғалық қадамы ғана емес, ата-ана мен бала арасындағы шынайы байланыстың бастамасы. Алайда бүгінде көптеген ата-ана бұл сәтті ұзақ күтуге мәжбүр. Себебі соңғы жылдары балалардың сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуі жиілеп барады. Осы мәселеге тереңірек үңілу үшін логопед-дефектолог, балалармен 15 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Әлия Сманқызымен сұхбаттасқан едік.
– Дыбыстардың дұрыс айтылмауы тілдің моторикасымен байланысты. Мысалы, «р» дыбысы тілдің ұшының дірілдеуі арқылы жасалады, ал бұл үшін балада жеткілікті артикуляциялық қабілет болуға тиіс. Бұлшықет әлсіздігі, моториканың жетілмей қалуы, тіпті сору мен шайнау әрекетінің аздығы да осындай кемшілікке себеп болады.
Қазақ тілі – артикуляциялық жағынан күрделі тілдердің бірі. Әсіресе, көмей, тіл арты дыбыстарын айту үшін баланың тілі жақсы дамуы керек. Ал қазіргі балалар ұзақ уақыт ботқа, езілген тағаммен тамақтанады. Бұл – тіл мен жақтың моторикасының баяу дамуына әкеледі.
Сонымен қатар қазір көп отбасында екі немесе үш тіл қатар қолданылып жатады. Бұл жағдай баланың миында тілдік кодтардың араласуына, дыбыстарды шатастыруына себеп болады. Мұндай жағдайда біз ата-аналарға баланың сөйлеуі бір тілде толық қалыптасқанша, тек сол тілде сөйлеуге кеңес береміз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!