Фото: freepik.com
Батыс Қазақстан облысында жануарлардан зардап шеккен адамдар саны көбейді, деп жазады KAZINFORM.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың мәлім еткеніндей, биылғы алты айда жануарлардан жарақат алған 1 333 адам медициналық көмекке жүгінді.
Оның сөзіне қарағанда, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (1 296) асып кетіп отыр.
-Соның ішінде 942 адамды ит қапқан. 341-і мысықтан, төртеуі жылқыдан, 10-ы ірі қарадан, 35-і басқа жануарлардан зардап шекті. Дегенмен адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ, – деді Д.Жаңабергенова.
Департамент басшысының айтуынша, биыл Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе және Тасқала ауданында 4 адамның бруцеллезге шалдыққаны тіркелді. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 0,6-дан келеді. Барлық жағдайда ауру melitensis қоздырғышынан туындаған және адамдар малмен тығыз қарым-қатынас жасаған кезде жұқтырған.
Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, бруцеллез 16 дерекке кемігенімен, өңірде әлі де кездесіп отыр.
-Бруцеллездің алдын алу үшін малды жыл сайын тексеруден өткізу қажет. Сондай-ақ жеке қорғаныш құралдарын қолданып, мал дәрігерінің рұқсатынсыз ет пен сүтті сатпау керек. Оған қоса өнімдерді тек рұқсат етілген орындардан сатып алу маңызды, – деді Д.Жаңабергенова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!