Орал шаһарындағы 190 орындық облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 4 құрылымдық бөлімше бар, деп хабарлайды Massaget.kz. Олар: клиникалық, реанимация және қарқынды терапия, оңалту бөлімі және көмекші диагностикалық бөлім.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың мәлімдеуінше, қазан айының басында балалар мен ересектерді ақылы негізде check-up тексеру қызметін енгізген. Бұл ықтимал соматикалық ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Соңғы уақытта облыста жұқпалы аурулар саны 18,4%-ға өскен.

«Атап айтсақ, бактериялық этиологияның жітіішек инфекциялары 79,3%-ға, қызылша 83,3%-ға, вирустық менингит 3,7 есеге, энтеровирустық аурулармен инфекциялар 2,6 есеге, пневмония 1,5 есеге өсті”, – деді Надия Ахметова.

БҚО жұқпалы аурулар ауруханасында жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдануда. 2022 жылдың маусым айында бронх-өкпе патологиясы бар, соның ішінде ковидтен кейінгі пневмониямен ауырған науқастарды медициналық оңалту үшін оңалту бөлімшесі ашылды. Оңалту бағдарламасы пневмония, созылмалы бронхит, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, бронх демікпесі, өкпе фиброзы және бронх-өкпе жүйесінің басқа да ауруларымен ауыратын адамдарға бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!