30 жастағы жүргізуші, оның әйелі, алдыңғы орындықтағы 41 жастағы жолаушы және 2009 жылы туған кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмды.
Бурабайда көлік аударылып, салдарынан төрт адам қаза тауып, екеуі ауруханаға түсті. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
7 шілде күні сағат 16:00 шамасында «Тойота Камри 40» көлігінің жүргізушісі Бурабай ауылына бұрылып келе жатып, рульді басқара алмай, аударылып қалған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 30 жастағы жүргізуші, оның әйелі, алдыңғы орындықтағы 41 жастағы жолаушы және 2009 жылы туған кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмды, – делінген Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.
Қайтыс болған жүргізушінің бір жасар қызы аман қалды, оның жағдайы қанағаттанарлық. Сонымен қатар, осы көліктен екі зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізілді – алты жасар жолаушы травматология бөліміне жатқызылды, 39 жастағы әйелдің жағдайы ауыр.
“Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша Бурабай ауданының ЕРД ОП-на тіркелді.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде”, – деп қосты полиция.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!